Атырау облысында салынып жатқан жолдың қалыңдығы талапқа сай емес

Атырау облысында Ресей шекарасына дейінгі аралықта жол құрылысы салынып жатыр. Алайда, жол құрылысында бірнеше кемшілік анықталған. Оның ішінде керн қалыңдығы талапқа сай емес, деп хабарлайды Kazinform.

жол
Фото: «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК Атырау облыстық филиалы

«Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК Атырау облыстық филиалының бөлім басшысы Нұрлан Жантуриннің айтуынша, жыл басынан бері Атыраудан Ресей шекарасы (Астрахань бағыты) дейін салынып жатқан құрылысына 69 рет тексеру жүргізілген.

«Жол құрылысына пайдаланылып жатқан құрылыс материалдарынан 390 сынама алынды. Оның ішінде 65 сынаманың Қазақстан Республикасының стандарттарына сай еместігі анықталды. Мәселен, жол құрылысының кей жерінде пайдаланылған ірі кеуекті қиыршық тас, қарақиыршықтас фракциясы мен керн кескінінің қалыңдығы талапқа сай келмейді. Жол жабындысының толықтай төселіп бітпей, көлік қозғалысы үшін ашылған кей бөлігі тегіс емес. Бұл жол жабындысының жоғарғы қабаты төселер алдында қайта қалпына келтіру көзделген. Осы кезге дейін анықталған сәйкессіздіктің 9-ы қалпына келтірілді», — деп хабарлады Нұрлан Жантурин.

жол сапасы
Фото: «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК Атырау облыстық филиалы

Оның айтуынша, 2020 жылы аталған бағыттағы жолдың 20 шақырымы қайта пайдалануға берілген. Ал, биыл 40 шақырымын іске қосу көзделген. Сондай-ақ, жыл соңына дейін жолдың 217 шақырымын көлік қолғалысы үшін ашу жоспарланған.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атыраудан Ресеймен шекараға дейінгі жолды жөндеуге 18 млрд теңге бөлінгенін хабарлаған болатынбыз. 

Соңғы жаңалықтар