Атырау облысында сарқынды суды рұқсат етілмеген жерге төккен мекеме басшылығы жазаланды
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облыстық прокуратурасы су бұру нысандарын заңсыз пайдалану және қалдықтарды орналастыру фактілерін анықтады, деп хабарлайды прокуратураның баспасөз қызметі.
Анықталғандай, «А.» ЖШС басшылығы өндірістік базасының аумағында сарқынды суларды заңсыз төгуді ұйымдастырған.
- Ассенизаторлық техниканың иелері тиісті рұқсатсыз сұйық тұрмыстық қалдықтарды төккен. Қадағалау актілері бойынша заңсыз коллектор жойылып, кінәлі лауазымды тұлға тәртіптік жауапқа тартылды, - делінген хабарламада.
Сонымен қатар онда Махамбет ауданында ауылдық округ әкімдігі экологиялық рұқсатсыз қоқыс полигонын пайдаланып, құрылыс қалдықтарын жинақтауға және тазартусыз сарқынды суларды төгуге жол бергені айтылған.
Қабылданған шаралар аясында ауылдық округ әкімі әкімшілік жауапқа тартылып, экологиялық рұқсат алу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Осыған дейін ШҚО-да кәсіпорынның сарқынды суы далаға төгіп келгені туралы материал жарияладық.