Атырау облысында су тасқынына байланысты 190-нан астам қабылдау бекеті дайындалды

Атырау облысы
Фото: видеодан кадр/Атырау облысы ТЖД

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысының әкімдігі су тасқынына байланысты 190-нан астам қабылдау бекетін дайындады.

Атырау облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Нұрлан Жаңабаевтың мәліметіне сүйенсек, 31 гидротехникалық нысан бар. Оның ішінде респуликалық меншіктегі 1 су торабы мен 12 магистралды канал бар. Ал, коммуналдық меншіктің иелігіне 10 бөгет пен 8 магистралды канал алынған.

«Биыл көктемгі су тасқынына тосқауыл қою үшін жергілікті бюджеттен 2,4 млрд теңге бөлінген. Бұл қаржының 1,4 млрд теңгесі төтенше резерв қорын құраса, 1 млрд теңге шұғыл шығыстарға жұмсалады. Су тасқынының зардаптарын жоюға 17 тонна жанар-жағармай, 485 тонна инертті материал, 25 мыңнан астам қап, 69 шатыр, 5 мың кереует пен төсек-орын жабдығы, 190-нан астам қабылдау бекеті дайындалды», - деді Нұрлан Жаңабаев.

Оның айтуынша, су тасқынымен күреске 1 153 адам тартылуы мүмкін. Сондай-ақ, 303 техника, 16 жүзу құралы мен 107 мотопомпа дайын тұр.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысының қанша елді мекеніне тасқын су қаупі төнетінін хабарлаған болатынбыз.

 

Соңғы жаңалықтар