Атырау облысында тұрғын үй мәселесі қалай шешіліп жатыр
Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов өңір халқын тұрғын үймен қамту бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтты, деп хабарлайды Kazinform.

«Облыста 10 айда 558,3 мың шаршы метр тұрғын үй (4 206 пәтер) пайдалануға берілді. Оның ішінде 390,2 мың шаршы метр (2 430 пәтер) жеке тұрғын үй, 168,1 мың шаршы метр (1 776 пәтер) коммерциялық тұрғын үй.
Биыл коммуналдық тұрғын үй қорынан 242 азаматқа пәтер кілті табысталды. Бұл бағытта бюджет есебінен қаражат бөлініп, 292 пәтер сатып алынуда. Бұдан бөлек халықты тұрғын үймен қамтамасыз етудің басқа да тетіктері қолданылып жатыр. Тиісті қаражаттар қарастырылып, бірқатар өңірлік бағдарламалар қабылданды», - деді Орталық коммуникациялар қызмет алаңында өткен баспасөз мәслихатында сөз сөйлеген Серік Шәпкенов.
Әкімнің таратқан мәліметінше, 35 жасқа дейінгі жастарды тұрғын үймен қамту үшін «Атырау жастары» бағдарламасына жергілікті бюджет есебінен 1 млрд теңге бөлінген.
«Алғашқы кезеңде 100-ге жуық жас маманды баспанамен қамту жоспарланған болатын. Жоспар толықтай орындалып, бағдарлама өз нәтижесін көрсетті. Алдағы жылы жұмыс жалғасады. Бұдан бөлек «Бақытты отбасы – Атырау» өңірлік бағдарламасы шеңберінде көпбалалы аналар, толық емес отбасылар және мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасылардың өтінімдерді қаралуда. Осы мақсатқа бюджет есебінен 3,0 млрд теңге қаражат бөлінді», - дейді ол.
Сондай-ақ Серік Шәпкенов бүгінгі таңда 38 отбасы тұрғын үймен қамтылып, 26 отбасының өтінімдері мақұлданғанын айтты. Бұл бағдарламаның ерекешелігі сол, қатысушыларға бастапқы жарнасыз, қолданыстағы үйді (2-ші нарықтағы үй) сатып алуға мүмкіндік беріледі.