Атырау облысында тұрғын үйдегі өрттен анасы мен ұлы көз жұмған
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысының Ресеймен шекаралас Құрманғазы ауданында тұрғын үйдегі өрттен анасы мен ұлы мерт болған. Ал, қолы күйген әкесі мен түтінге уланған қызы ауруханаға түскен.
Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобының мәліметіне сүйенсек, тұрғын үйдегі өрт 5 қарашада болған. Бірақ, неге екені белгісіз, бұл оқиға туралы тек бүгін, 11 қарашада ақпарат таратылды.
«Таңғы сағат 04:30-да Құрманғазы ауданындағы Ақкөл ауылының Ш.Уалиханов көшесінде орналасқан тұрғын үйден өрт шыққаны туралы шақырту түсті. Құтқарушылар шақырту орнына жеткен кезде жеке тұрғын үйге жапсарлас салынған ауданы уақытша тұрақтың жанып жатқаны анықталды. Оның ауданы – 72 шаршы метр. Өрт сөндіру бөлімшесінің құтқарушылары оқиға орнында барлау жүргізіп, 1958 жылғы әйел мен 1989 жылғы ер адамның мүрдесін тауып шығарды. Ал, қолынан күйік алған 1956 жылғы ер адам мен 2019 жылғы қыз түтінге улану белгісімен ауруханаға жатқызылды», -деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобы.
Өрт таңғы сағат 5:52-де оқшауланып, сағат 6:30-да толықтай жойылған. Жалынның тұтану себебі анықталып жатыр.
«Тұрғын үйдегі өртті сөндіруге Құрманғазы ауданындағы №7 өрт сөндіру бөлімінің 9 қызметкері мен 2 техника, «GRWORLD» ЖШС-дан 3 адам, 1 техника жұмылдырылды.
Қоғаммен байланыс тобын өрттен көз жұмған екі адам – анасы мен ұлы екенін растады.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда сауда орталығындағы өрт электр желісінің қысқа тұйықталуынан тұтанғанын жазған едік.