Атырауда сауда орталығындағы өрт электр желісінің қысқа тұйықталуынан тұтанған
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырауда сауда орталығындағы өрттің тұтануына электр желісінің қысқа тұйықталуы себеп болған. Түтіннің иісіне уланған жүкті әйел дәрігерлер көмегіне жүгінген.
Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаменті қоғаммен байланыс тобының мәліметіне сүйенсек, «Байзар» сауда-ойын сауық орталығында алдымен балаларға арналған киім дүкенінің қоймасы жана бастаған.
«Сауда орталығындағы өрт жөнінде 27 қазанда кешкі сағат 18:37 шамасында шақырту түсті. Өрт сөндірушілер Атырау қаласындағы Б.Құлманов көшесінде орналасқан сауда ойын-сауық кешеніне жедел жетті. Оқиға орнында штаб құрылды. Алдымен өртенген нысаннан 80 адамды, оның ішінде 45 баланы қауіпсіз аумаққа эвакуациялады. Түтін иісіне уланған 1992 жылғы жүкті әйел денсаулығына байланысты шағым айтты. Оған апаттық медицина орталығының дәрігерлері көмек көрсетті», -деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобы.
Өртті сөндіруге жергілікті төтенше жағдайлар лепартаментінің 92 қызметкері жұмылды. Жалынды сөндіруге арналған 12 техника тартылды. Департаменттің психолог мамандары эвакуацияланған адамдарға және кәсіпкерлерге психологиялық көмек көрсетті.
Оқиға орнында жедел жәрдем стансасының 2 бригадасы, Апаттық медицина орталығының 4 қызметкері, полиция департаментінің 50 қызметкері көмекке келді. Қосымша 23 техника мен жедел әрекет ету мекемелері жұмыс істеді.
«Сауда орталығындағы өрт сағат 21:58-де оқшауланып, сағат 22:50-де толықтай жойылды.
Жалын шарпыған аумақтың жалпы көлемі шамамен 1000 шаршы метрді құрады. Өрттің шығуына алдын ала болжамға сәйкес электр желісінің қысқа тұйықталуы себеп болған», -деп мәлім етті департаменттің қоғаммен байланыс тобынан.
Өрттен ешкім зардап шеккен жоқ. Соған қарамастан, «Байзар» ойын-сауық орталығындағы өрт оқиғасына байланысты төтенше жағдайлар департаментінің дағдарыс орталығында қауырт желі іске қосылды. Тұрғындарға 45-14-75 нөмері арқылы ақпараттық қолдау және шұғыл психологиялық көмек көрсету қолға алынды.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда сауда орталығы өртеніп, 80 адам қауіпсіз аумаққа эвакуацияланғанын жазған едік.
Кейін Атырауда сауда-ойын сауық орталығындағы өрт оқшауланғанын хабарладық.
Сондай-ақ, Атыраудағы сауда-ойын сауық орталығын шарпыған өрт толық сөндірілгенін жазған болатынбыз.