Атырау облысында тұрғындар саны 700 мыңнан асты

Атырау облысында тұрғындар саны 700 мыңнан асты
Фото: atr.kz

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысында тұрғындар саны 703 180 адамға жетті. Тұрғындардың басым бөлігі Атырау қаласында тұрады. 

Ұлттық статистика бюросы Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы Нұржан Құмарғалиевтың дерегіне сүйенсек, Атырау қаласында 389 669 адам тұратыны анықталған. Ал 313 511 адам ауылдарда қоныстанған.

«Кейінгі бес жылда өңір тұрғындарының саны 57 900 адамға артты. Өсім — 9 пайыз. Мәселен, қала тұрғындары 10,6%-ға, ал ауылдықтар қатары 7%-ға өсіп отыр. Былтырғы 11 айда 15 156 сәби дүниеге келді. Оның ішінде 7892 ұл, 7264 қыз бар. Тұрғындардың табиғи өсімі 12 мың 20 адам болды. Өткен жылы 3 980 неке қию, 396 некені бұзу туралы акт жазбасы тіркелді», - деп хабарлады Нұржан Құмарғалиев.

Оның мәліметінше, облыстан 27 мың 953 адам көшіп кеткен. Мәселен, сыртқы көші-қон бойынша 121 адам, оның ішінде ТМД елдеріне 74, әлемнің басқа елдеріне 47 адам қоныс аударған.

«Атырау облысына өзге өңірлерден көшіп келгендер саны — 26 мың 34 адам. Оның ішінде сыртқы көші-қон бойынша келген 562 адам, нақтылай айтқанда, ТМД елдерінен – 533, ал әлемнің басқа мемлекеттерінен 29 адам көшіп келді. Ал Қазақстанның басқа өңірлерінен 6 441 адам Атырау өңіріне қоныс аударды. Мәселен, Ақтөбе облысынан көшіп келгендер саны — 18,9, Астанадан 16,6, Маңғыстау облысынан келгендер 15,8 пайыз», - деп мәлім етті Нұржан Құмарғалиев.

Еске сала кетелік, бұған дейін былтыр Атырау облысына шетелден 272 этникалық қазақ көшіп келгенін хабарлаған едік.

Соңғы жаңалықтар