Атырау облысында жасөспірімдер арасындағы қылмыс көбейген

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысында жасөспірімдер мен жастар арасындағы қылмыс алаңдатады. Соңғы 5 жылда 4 мыңнан жас қылмыстық жауапкершілікке тартылған. 

Атырау облысында жасөспірімдер арасындағы қылмыс көбейген
Фото: polisia.kz

Атырау облысының прокуроры Бауыржан Жұмақановтың айтуынша, жасөспірімдер арасындағы қылмыстың өскені алаңдатады.

— Елімізде «Заң және тәртіп» идеологиясын ілгерілету жөніндегі 2025-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы бар. Тұжырымдаманың орындалуы мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылының кең форматында қамтамасыз етілді. Дегенмен, соңғы 5 жыл ішінде жалпы қылмыс деңгейі төмендеуіне қарамастан, жасөспірімдер мен жастар арасындағы қылмыстың өсуі алаңдаушылық туғызып отыр. Аталған кезеңде 4 мыңнан астам жас қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Оның 386-сы — кәмелетке толмаған жасөспірімдер. Ал, 1 мыңнан астам жас ауыр, 151-і аса ауыр қылмыс жасағаны анықталды, — дейді Бауыржан Жұмақанов.

Сондай-ақ, назар аударатын жайттың бірі — жасөспірімдер арасындағы суицид. Мәселен, соңғы 5 жылда суицидке қатысты 104 дерек тіркелген. Ал, 33 жасөспірім өзіне қол салған.

— Біздің мақсатымыз — өзінің және елінің болашағы үшін жауапты өскелең ұрпақты тәрбиелеу және саналы азамат ретінде жетілуін қалыптастыру. Осы орайда бірде-бір қайғылы оқиға, бірде-бір қылмыс мемлекеттің назарынан тыс қалмайды. Құқық қорғау органдары істі жедел ашуы керек, — дейді Бауыржан Жұмақанов.

Оның пікірінше, ойын-сауық мекемелерінің жұмыс режимін қайта қарау қажет. Алкоголь өнімдерін сату мен тұтынуға бақылауды күшейтіледі.

— Интернет кеңістігіндегі деструктивті контентті бұғаттау, алкоголизммен, нашақорлықпен, лудоманиямен және басқа да тәуелділік түрлерімен күреске қатаң бақылау мен тәлімгерлік жүйесі іске қосылады. Білім беру мекемелерінде әсіресе, бастауыш сыныптардан бастап оқушылардың адамгершілік, рухани және патриоттық қасиеттерін қалыптастыруға бағытталған арнайы тәрбие жұмыстарын қамтамасыз етуге назар аударылады, — деп мәлім етті Бауыржан Жұмақанов.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында мопед жүргізушілері қандай талаптарды бұзып жүргенін жазған едік.
⠀ 

Соңғы жаңалықтар