Атырау облысында Жайық өзеніндегі су тасқыны шарықтау шегінен өтті

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысында Жайық өзеніндегі су тасқыны шарықтау шегінен өтті.

Жайық өзенінің деңгейі Атырау тұсында да төмендей бастады
Фото: Жедел штаб

Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Руслан Шариевтің айтуынша, Индер және Махамбет ауданында, сондай-ақ Атырау қаласында Жайық өзеніндегі су деңгейі төмендеп келеді.

«Атырау облысында су тасқыны шарықтау шегіне жетті. Қазір Жайық өзеніндегі су деңгейі төмендей бастады. Индер, Махамбет аудандарында және Атырау қаласында Жайық өзеніндегі су деңгейін күнделікті бақылап отырмыз. Жайықтан тасыған су жыраларға жайылып, көп аумақты су басты. Бұдан шаруа қожалықтарына қауіп төнді», - деді Руслан Шариев.

Оның айтуына қарағанда, шаруа қожалықтарының иелерінен жедел желіге түскен барлық қоңырауға байланысты көмек берілген. Су басқан аумақта қалған малды эвакуациялау жүргізіліп жатыр.

«Қазір облыстық және республикалық маңызы бар тасжолдарды су басу дерегі тіркеліп отыр. Су деңгейі төмендегеннен кейін жолдарды қалпына келтіру жұмысы жүргізіледі. Әзірге судың қауіпсіздігі туралы айтуға ертерек. Инфрақұрылым нысандары толықтай қалпына келтіріліп, барлық жұмыс аяқталғаннан кейін ғана судың қауіпсіздігі туралы айтуға болады», -деді Руслан Шариев.

Бүгін, 4 маусымда Жайық өзенінің деңгейі Индер және Махамбет ауданында төмендеді. Мәселен, күндізгі сағат 12:00-де Жайықтың суы Индербор кентінде 920 см болды. Ал, Махамбет ауданында 10 метр 4 сантиметр болып тұр.

Жайық өзені Атырау қаласында кешегі 597 см деңгейінен өзгерген жоқ. Мұнай шаһар маңындағы Жаңаталап және Еркінқала ауылдарының тұсында да көтерілмеді.

Еске сала кетелік, бұған дейін Жайық өзенінің деңгейі Атырау тұсында да төмендей бастағанын жазған едік.

 

Соңғы жаңалықтар