Атырау облысында жыл басынан бері 2 300-ге жуық адамнан жүрек ауруы анықталған
Атырау облысында жыл басынан бері 50 мыңнан астам адам скриниг тексеруден өткен. Оның ішінде 2 300-ге жуық адамнан жүрек ауруымен тіркелген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық кардиология орталығының дәрігер-кардиологы Айдана Ізмұханованың айтуынша, скринингтік тексеруге 30-70 жас аралығындағы тұрғындар жүгінген.
«Әлемнің көптеген елінің денсаулық сақтау саласында жүрек-қан тамыры аурулары басты проблеманың біріне айналып отыр. Бұл ауру ересек адамдарды не мүгедектікке шалдықтырады. Дер кезінде емделмесе, өлімге әкеліп соқтырады. Өлім-жітімнің 50%-ға жуығы жүрек-қан тамыры ауруынан болатыны анықталып отыр. Өйткені Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының зерттеуіне сүйенсек, жүрек-қан тамырлары аурулары тамақтану рационының өзгеруімен тікелей байланысты болып отыр», -деп түсіндірді Айдана Ізмұханова.
Оның айтуына қарағанда, жүрек-қан тамырлары ауруына шалдықтыратын бірнеше фактор бар.
«Біріншіден, қоршаған ортаның жағымсыз факторларының 80%-дан астамы адам ағзасына тұтынған тамағы арқылы кері әсер етеді. Екіншіден, артық салмақ пен семіздік те жүрек-қан тамырлары, қант диабеті және басқа да күрделі аурулардың қауіпті факторына айналған. Сол себептен тұрғындар жүрек-қан тамырлары ауруына шалдықпауы үшін тамақтану мәдениетін сақтағаны жөн. Үшішіден, фактор – темекі тарту. Шылымқорлық адам өмірін 7-10 жылға қысқартады. Темекі тартпайтын адамдарға қарағанда, шылымқорлар арасында миокард инфарктісіне шалдығу дерегі екі есе көп. Ал осы аурудан қайтыс болатындар 4 есеге артық», - деп мәлім етті Аайдана Ізмұханова.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда «Аңсаған сәби» бағдарламасымен өмірге келген сәбидің салмағы 503 грамм болғанын хабарлаған едік.