Атырау облысында жыл басынан бері 43 адам АИТВ инфекциясын жұқтырған

Атырау облысында жыл басынан бері 43 адам АИТВ инфекциясын жұқтырған. Олардың жартысынан астамы – 20-39 жас аралығындағы жастар, деп хабарлайды Kazinform.

АИТВ
Фото: freepik.com

Атырау облыстық АИТВ орталығы баспасөз қызметінің мәліметінше, қауіпті аурудың алғашқы дерегі 1993 жылы тіркелген. Сол кезден бері 526 адамнан АИТВ анықталған. Қазір орталықта 359 адам диспансерлік есепте тұр.

«Жыл басынан бері орталықтың зертханасында 100 мыңнан астам сынамаға зерттеу жүргізілді. АИТВ дерегін анықтауға арналған автоматты зерттеу құрылғысы биоматериалды сапалы, әрі тез талдау жүргізуге мүмкіндік береді. Мәселен, жүкті аналар екі рет тексеруден өтеді. Олардың жыныстық серіктестері тексеріледі. Қазір АИТВ жұқтырған 4 жүкті ана мен перинаталдық байланыстағы 11 бала дәрігерлердің бақылауына алынды», - деп хабарлады орталықтың бөлім меңгерушісі Төлеміс Шәменов.

Орталық директоры Қуаныш Нұрмұхановтың айтуынша, АИТВ инфекциясы – әлеуметтік аурудың бірі.

«АИТВ инфекциясының таралуы адамның мінез-құлқымен тікелей байланысты өрбиді. Әр адам жеке қорғаныс құралдарын пайдалану керек. Қауіпті инфекцияны жұқтырған адаммен кездессеңіз, оны шеттетпей, қолдау білдірген жөн. Әсіресе, жас ұрпақты аталған індетті жұқтыру қаупінен қорғауымыз керек», - дейді Қуаныш Нұрмұханов.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысына қызылшаға қарсы вакцинаның 20 мың дозасы жеткізілгенін хабарлаған едік. 

Соңғы жаңалықтар