Атырау облысында жыл басынан бері 686 алаяқтық қылмысы тіркелген

Атырау облысында алаяқтық қылмысы өршіп тұр. Жыл басынан бері 686 алаяқтық қылмысы тіркелген. Оның ішінде 115 қылмыс Теlegram, WhatsApp, Instagram әлеуметтік желісі арқылы жасалғаны анықталған, деп хабарлайды Kazinform.

қылмыс
Фото: Kazinform

Атырау облыстық полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының аға жедел уәкілі Асхат Нұрмановтың айтуынша, жыл басынан бері кибер қылмысқа қарсы екі мәрте «Anti-Fraud», бір рет «Hi-tech» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілген.

«Жыл басынан бері интернет желісі арқылы жасалған 686 алаяқтық қылмысы тіркелді. Қылмыстық істерді зерделеу кезінде тұрғындардың әлеуметтік желілер арқылы тапсырыстар беріп, алдын-ала ақша төлейтіні анықталып отыр. Тұрғындар интернет желісіндегі түрлі жарнамаға сеніп, тапсырыс береді. Сол себептен, алданып қалу, ақшасынан айырылу дерегі көбейіп отыр», - деп хабарлады Асхат Нұрманов.

Киберпол арнайы тобының жетекшісі, полция капитаны Нұрлыбек Берқалиевтің пікірінше, алаяқтар әлеуметтік желі қолданушыларымен хат алмасып, сеніміне кіреді.

«Алаяқтар Telegram, WhatsApp, Instagram парақшаларын пайдаланып, ақшасын көбейтуді мақсат еткен тұрғындарды құрығына тез түсіреді. Оңай ақшаға қол жеткізуді ойлағандар алданғанын сезбей қалады. Қазір дәл осындай деректермен 115 іс тіркелді. Сол себептен, тұрғындар көп ақша оңай жолмен келмейтінін білгенін қалаймыз. Әлеуметтік желідегі жарнамада көрсетілген ақпараттың дұрыстығын тексеру, абай болу қажеттігін ескертеміз», - деп мәлім етті Нұрлыбек Берқалиев.

Еске сала кетелік, бұған дейін алаяқтық күдігіне ілінген Атырау қаласының бұрынғы әкімі қамауға алынғанын хабарлаған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар