Атырау облысында жол апатынан 32 жастағы жүргізуші мерт болды

АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау облысында жеңіл көлік жол жиегіне аударылып қалды. Жол апатынан 32 жастағы жүргізуші оқиға орнында қаза тапты.

Жол апаты
Фото: Атырау облыстық полиция департаменті

Атырау облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, жол-көлік оқиғасы 26 қаңтарда сағат 19:00 шамасында болған.

«Республикалық маңызы бар Атырау-Орал тас жолының 154-шақырымы тұсында Lada Granta автокөлігі аударылды. Тексеру кезінде 1992 жылғы жүргізушісінің рульге ие бола алмағаны анықталды. Жүргізуші оқиға орнында қаза тапты.

Көлік жүргізушісінің 24 қаңтар күні жылдамдықты шамадан тыс асыру дерегі «Кибер-Шериф» құрылғысы арқылы анықталған. Жүргізушіге жылдамдықты 133 км/сағатқа дейін асырғаны үшін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 592-бабының 2-бөлігімен хаттама толтырылған», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Еске сала кетелік, бұған Атырау полицейлеріне «Кибер-Шериф» құрылғысы орнатылған 28 көлік берілгенін жазған едік.

Облыстық полиция департаментінің бастығы Нұрхат Оразбаевтың айтуынша, бұл құрылғының бейнекамерасы 360 градустағы көріністі бақылап, бір мезгілде 50 автокөлікті қадағалай алады. Жылдамдықты шектен тыс асыру, қарсы бағытқа шығу, көрінбейтін мемлекеттік тіркеу нөмірлерін таққан, ұрланған немесе борышкерлер жүргізген көлікті автоматты түрде анықтайды. Құқық бұзушылық деректері полиция қызметкерлерінің қатысуынсыз, автоматты түрде базаға түседі.

Соңғы жаңалықтар