Атырау облысында жолдағы су өткізетін құбыр мен көпірлер тексерілді

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысында республикалық жолдағы су өткізетін құбырлар мен көпірлерге тексеру жүргізілді. 

атырау көпір
Фото: Фархат Абилов, Ақжайық

«Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК Атырау облыстық филиалының директоры Бекбол Мұқашовтың айтуынша, республикалық және облыстық маңыздағы жолдарда бақылау күшейтілді.

«Атырау облысының аумағымен 4 бағытта республикалық маңызы бар жол өтеді. Көктемгі су тасқынына қарсы дайындық күшейтілді. Мәселен, «Ақтөбе-Атырау-Астрахань» тас жолындағы Сағыз өзені үстінен салынған көпірдің жай-күйіне тексеру жүргізілді. Мұндай тексеру «Доссор-Құлсары-Бейнеу-Ақтау» бағытында жолда Құрсай өзеніндегі көпір тексерілді», - дейді Бекбол Мұқашев.

Оның дерегіне сүйенсек, Қызылқоға, Жылыой аудандары арқылы ағатын Жем өзенінің тереңдігі 2 метрге жеткен. Қазір су өзеннің арнасымен ағып жатыр. 

«Осы кезге дейін «Атырау-Орал» тас жолы бойындағы 25 су өткізгіш құбыр тазартылды. Ал, «Қажсервис» ЖШС-нің Атырау облыстық филиалы су тасқынына қарсы 250 текше метр қиыршық тас, 500 тонна құм, 3 мотопомпа, 3 қайық және 1 мың қап құм дайындады. Бұл материалдар жол пайдалану бекеттерінде сақтаулы тұр», - деп мәлім етті Бекбол Мұқашов.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысының қанша елді мекеніне тасқын су қаупі төнетінін хабарлаған едік. 

Кейін Атырау облысында су тасқынына байланысты 190-нан астам қабылдау бекеті дайындалғанын жазған болатынбыз. 

Сондай-ақ Атырау облысындағы су басу қаупі бар аумақтар әуеден тексерілді. 

Соңғы жаңалықтар