Атырау облысындағы су басу қаупі бар аумақтар әуеден тексерілді

Серік Шәпкенов
Фото: Атырау облысының әкімдігі

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов Қызылқоға ауданындағы су басу қаупі төнетін аумақтарға әуеден тексеру жүргізді. Бұл аудан Ақтөбе облысымен шектеседі.

Қызылқоға ауданының әкімі Қанат Әзмұхановтың айтуынша, негізгі қауіп Ойыл өзенінен төнуі мүмкін. Ақтөбе өңірінен басталатын өзен Миялы ауылына жақын маңнан өтеді. Ал, Сағыз ауылының ортасымен Ноғайты өзені өтеді.

су тасқыны
Фото: Атырау облысының әкімдігі

«Миялы ауылында 18 наурыздан бері кезекшілік ұйымдастырылды. Ал, 23 наурыз күні еріген қардың салдарынан ауыл іргесіндегі Қарасу жырасында су деңгейі күрт көтерілді. Сондықтан, сол маңда салынып жатқан көпір құрылысы уақытша тоқтатылды. Қазір еріген қар суы айналма жолдың бойындағы дренаж жүйесі арқылы кедергісіз ағып жатыр. Су тасқынынан қорғау үшін Миялы ауылының маңындағы айналма жол бойында, Сағыз-Миялы-Қарабау тас жолында қосымша бөгеттер салынып жатыр», -деді Қанат Әзмұханов.

Оның мәліметінше, Қызылқоға ауданында былтыр 26,5 шақырым бөгет салынған. Ал, биыл ақпан-наурыз айларында қосымша 2,7 шақырым бөгет соғылған.

су тасқыны
Фото: Атырау облысының әкімдігі

«Аудан әкімінің сұранысымен көктемгі су тасқынының алдын алу үшін арнайы техника бөлінді. Жақында ауданға жеткізіледі. Бөгеттерге тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылады», -деді облыс әкімі Серік Шәпкенов.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысының қанша елді мекеніне тасқын су қаупі төнетінін жазған едік.

Кейін Атырау облысында су тасқынына байланысты 190-нан астам қабылдау бекеті дайындалғанын хабарлаған болатынбыз.

 

Соңғы жаңалықтар