Атырау облысында жолға бұрғылау қалдығы төгілген
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысында Тайсойған ауылдық округінің аумағындағы жолға барлау ұңғымасын бұрғылау қалдығы төгілгені ақпарат тарады.

«Ембімұнайгаз» АҚ-ның баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл дерек 12 ақпанда анықталған.
– «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасына қарасты Тайсойған-1 учаскесіндегі СТ-1 барлау ұңғымасын бұрғылау кезінде шыққан қалдықтар арнайы техникамен тасымалданады. Қалдықтар тасымалдау кезінде жерге төгілгені анықталды. Барлау ұңғымаларының құрылыс жұмыстарының келісім-шартына сәйкес бұрғылау қалдықтарын тасымалдауды, өңдеуді және кәдеге жаратуды «Ембімұнайгаз» АҚ-ның серіктесі – «МұнайСервис Лтд» ЖШС жүзеге асырып жатыр. Қазір мердігер мекемемен бірлесіп, қара жолдың ластанған жерін тазалау бойынша жедел шараларды қолға алды. Қалдықтар төгілген аумақты тазалау жұмыстарына 15 адам және арнайы техникалар бөлінді. Талдау жұмыстарын жүргізу үшін топырақ үлгілері алынды. Аталған дерекке қатысты жағдай бақылауға алынды, - деп хабарлады компанияның аспасөз қызметі.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда компанияларға салынған 42 млрд теңге айыппұлдың 26 млрд теңгесі өндірілгенін жазған едік.