Атырау облысындағы ағысы жоқ судан 3 күнде 4,5 млн шабақ құтқарылды

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысындағы былтырғы тасқын кезінде бөлініп қалған судан шабақ құтқару шарасы жалғасып жатыр. Соңғы 3 күнде 4,5 млн шабақ құтқарылып, Жайық өзеніне жіберілді.

балықтарды құтқару
Фото: Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы

Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының мәліметіне қарағанда, Махамбет ауданының Есмахан ауылы тұсындағы судан шабақ құтқаруға 40 адам, 7 техника тартылған.

балықтарды құтқару
Фото: Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы

– Былтырғы тасқын кезінде жайылмаға шыққан суда сазан, мөңке секілді балықтардың шабағына қырылу қаупі төнді. Сол себептен 14 қаңтардан бері шабақтарды құтқару жұмысы күн сайын жүргізілді. Мәселен, 16 қаңтарда ағысы жоқ судан арнайы тормен 2 млн 570 мың шабақ құтқарылды. Шабақтар арнайы ыдысқа салынып, автокөлікпен Жайық өзеніне тасымалданды. Құтқарылған шабақтардың салмағы – 5 см. Соңғы 3 күн -14-16 қаңтарда құтқарылған шабақтардың саны 4 млн 575 мың данаға жетті, -деп хабарлады аталған инспекциядан.

Атырау облысы әкімінің орынбасары Марат Мурзиевтің дерегіне қарағанда, шабақтарды құтқару жалғаса береді.

балықтары құтқару
Фото: Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы

– Соңғы күндері ауа-райы күрт өзгеріп, салқындай бастады. Ал жайылмаға шығып, Жайық өзеніне, не өзге каналдарға қайта қосылмаған суда мұз қатып, оттегі азаюы мүмкін. Сондықтан осындай судан шабақтарды құтқару мәселесін бақылауға алдық. Мақсатымыз – балық шабақтарының қырылуына жол бермеу, -деп мәлім етті Марат Мурзиев.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда былтыр Жайықтан бөлінген судан 1 млн шабақ құтқарылып, өзенге жіберілгенін жазған едік.

 

Соңғы жаңалықтар