Атырау облысындағы атыстан 3 адам жарақат алып, ауруханаға жеткізілді

АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау облысының Сағыз ауылында тағы да атыс болып, 3 адам жарақат алды. 

аурухана
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметіне қарағанда, Сағыз ауылындағы атыс кеше, 27 мамырда түнгі сағат 23:00 шамасында болған.

— Қазір аталған дерекке қатысты қылмыстық іс қозғалды. Тергеу кезінде оқиғаның барлық мән-жайы анықталатын болады. Полиция қызметкерлері қақтығысқа қатысушыларды анықтау, ұстау үшін кешенді шаралар қолдануға кірісті. Қылмыстық істі тергеу департамент басшылығының бақылауына алынды, — деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметінен.

Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасы ұсынған ақпаратқа сүйенсек, Сағыз ауылынан үш азамат әртүрлі дене жарақаттарымен аудандық ауруханаға жеткізілген.

— Санавиация қызметімен 1 науқас жедел түрде облыстық ауруханаға әкелінді. Медицина қызметкерлерінің жедел әрекетінің нәтижесінде тиісті алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Жарақат алғандарға шокқа қарсы және қан тоқтатушы терапиялар, ауырсынуды басу үшін ем-домы жүргізілді. Науқастарға оттегімен емдеу және инфузиялық терапия тағайындалды, — деп хабарлады басқарманың баспасөз қызметі.

Дәрігерлер жарақат алғандардың денсаулығын бақылауға алып, қажетті ем-дом шараларын жүргізіп жатыр.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда алқабилер 21 адамға қатысты қылмыстық іске шешім шығарғанын жазған едік

Соңғы жаңалықтар