Атырау облысындағы ауданда мүмкіндігі шектеулі жандарға қызмет тек қағаз жүзінде көрсетіліп келген

АТЫРАУ. KAZINFORM – Заң талаптарын өрескел бұзу фактілері Атырау облысының Индер ауданынан анықталды.

мүгедек
Фото: ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

Тексеру барысында мемлекеттік қолдаудың көп жағдайда қағаз жүзінде ғана көрсетілгені анықталды.

Қадағалау органының назарында күндізгі бөлімшесі бар жартылай стационарлық үлгідегі ұйым тұрды.

Алайда зерделей келе, Әлеуметтік кодекс талаптарының ашықтан-ашық еленбегені белгілі болды.

Атап айтқанда балаларды қолдауға арналған бейінді мекемеде бірде-бір тәрбиеленуші болмаған. Аталған кезеңде мүмкіндігі шектеулі балаларға мүлдем қызмет көрсетілмеген.

Жауапты тұлғалар жұмыстағы «үзілісті» тиісті ғимараттың жоқтығымен түсіндірген. Қағазбастылықпен әлек болған шенеуніктер мен орын анықтаумен айналысқан мекемелердің арасында, ең алдымен, балалар зардап шекті — олар қажетті оңалту мен күтімсіз қалды.

Бұдан бөлек, Индербор кентінің инфрақұрылымына жүргізілген тексеріс нәтижелері тіптен көңіл көншітпеді. Прокурорлар бірқатар нысанның мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін қолжетімсіз екенін анықтады.

-Тексеру қорытындысы бойынша анықталған заңбұзушылықтар жойылды. Индербор кентінің әкімі мен ұйым басшысы әкімшілік жауапкершілікке тартылса, аудан әкімінің әлеуметтік салаға жауапты орынбасары мен әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы тәртіптік жазаға ілікті. Нәтижесінде 19 мүмкіндігі шектеулі баланың құқығы қорғалды,-делінген хабарламада.

Осыған дейін Қарағандыда мүмкіндігі шектеулі балаға мерзімі өткен дәрі беру фактісі туралы жаздық.

 

Соңғы жаңалықтар