Атырау облысындағы «Димаш төбе» тарихи-мәдени кешені қашан ашылады
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысында 2023 жылғы қарашада «Димаш төбе» тарихи-мәдени кешенінің құрылысы басталған еді.

«Димаш төбе» аталатын жер Индер ауданынан Қызылқоға ауданына қатынайтын жолдың бойында орналасқан. Аудан орталығы – Индербор кентімен аралағы – 8 шақырым.
Индер аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Дарын Ілиясовтың айтуынша, тарихи-мәдени кешенде түріндегі археологиялық жәдігерлер, минерал тастар жинақталады.
– Тарихи-мәдени кешеннің аумағы 1 мың 750 шаршы метр. Құрылысты «СК Лира» ЖШС жүргізіп жатыр. Қазір құрылыс жұмыстарының басым бөлігі атқарылды. Жұмысқа 12 жұмысшы мен 4 арнайы техника тартылды. Жобаның авторлық қадағалауына «Спецстройсогласование» ЖШС міндетіне алды. Ал, «Caspian Alliance Kazakhstan» ЖШС техникалық бақылау жүргізіп отыр Кешеннің құрылысы шілде айында толық аяқталады, - дейді Дарын Ілиясов.
Оның пікірінше, кешеннің аумағына доға пішіндес маңдайша орнатылып, «Димаш төбе» атауы жазылады. Сол жағына тарихи фотосурет, оң жағына кешен туралы ақпараттық тақта орнатылады.
– Кешенге қазба байлықтар мен рудалар салынған тас жәшіктер, 2 үлкен күмбезді композиция қойылады. Бұл кешен – Индер ауданының тарихи ерекшелігін танытатын, туристерді тартуға ықпал ететін жаңа нысан болады. Жоба аяқталған соң кешен өңірлік туристік картаға енгізіледі, - деді Дарын Ілиясов.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда Дінмұхамед Қонаев аялдаған жерде ашық аспан астындағы мұражай ашылатынын жазған едік.