Атырау облысындағы кен орнында ауаға атқылаған газ алауы әлі тоқтаған жоқ

АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау облысындағы Батыс Прорва кен орнында ауа газ алауы әлі атқылап жатыр.

Атырау облысындағы кен орнында ауаға атқылаған газ алауы әлі тоқтаған жоқ
Фото: Видеодан алынған кадр

«Ембімұнайгаз» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, Батыс Прорва кен орны Жылыой ауданында орналасқан. Аталған кен орнынан «Жылыоймұнайгаз» басқармасы мұнай мен газ өндіреді. 

Кеше, 6 наурызда кен орнындағы № 437 ұңғымада перфорация жүргізілген. Содан кейін сорапты-компрессорлық құбырды түсіру кезінде газ атқылаған. Ауаға атқылаған газдың салдарынан сорапты-компрессорлық құбыр істен шыққан. 

— Бұл — консервацияда тұрған кен орны. Ондағы газ атқылауы әлі тоқтаған жоқ, -деп мәлім етті компанияның баспасөз қызметі.

Телеграм арнасының бірі газ алауының биіктігі 20 метрге жеткенін хабарлады. Алайда «Ембімұнайгаз» АҚ-ның баспасөз қызметі бұл дерекке байланысты ақпарат берген жоқ. 
Газ алауын тоқтату үшін «Ембімұнайгаз» АҚ-да жедел штабы құрылып, шұғыл шаралар қолға алынған. Кен орнының аумағы қоршалған. Газ алауын сөндіруге «Ақ Берен», «Семсер Өрт сөндіруші» мамандары тартылған. Сондай-ақ «СОП Атырау» ЖШС-нің мобильді күзеті жұмылдырылған.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысындағы Батыс Прорва кен орнында ауаға газ атқылағанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар