Атырау облысындағы қорғандардан екі «Алтын адам» табылған
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысында Жібек жолы бойындағы ірі астана атанған Сарайшықтан бөлек, тарихи мекендер мен қорымдар мол. Солардың қатарында Иманқара, Қойқара, Сарықамыс, Кененбай үңгірі, Құдайберген обасы, Таскешу, Ақтөбе-Лаэти секілді тарихи мекендер көмбесі әлі толық ашылған жоқ. Дегенмен, соңғы жиырма жылдан астам мерзімнің ішінде екі «Алтын адамның» бейнесі қалпына келтірілді.

Қазақстан тарихындағы екінші «Алтын адам»
Атыраудың ғана емес, батыс өңірдің археологиялық картасын жасау алғаш рет 1989 жылы қолға алынған. Сол кезден бері Ә.Марғұлан атындағы археология институтының Батыс Қазақстан аймақтық ғылыми экспедициясы жүйелі жұмыс жүргізді. Белгілі археолог Зейнолла Самашев жетекшілік еткен экспедиция алдымен Сарайшық қаласының орнында қазба жұмысын қолға алды. Сондай-ақ, өзге де қорымдар мен мекендерді тіркеуге алған. Соның қатарында Аралтөбе қорымы да бар.
Аталған қорым Жылыой ауданының солтүстік шығысында орналасқан. Экспедиция мүшелерінің анықтауына қарағанда, мұнда диаметрі 20 метрге жуық дөңгелек пішінді қорымда 12 бөлік болған. Дәл осы қорымда 1999 жылы үш зират қазылды.
Нақты қай жылы тоналғаны беймәлім алғашқысынан адамдардың қаңқалары мен жебе ұштары, шыны моншақтар табылған. Жартылай тоналған тағы бір қорымнан шалқасынан жатқан адам мүрдесінің жанынан бірнеше құнды жәдігер шыққан. Бұл – 100-ден астам жебе салынған қорамсақ, темір қылыш пен бүйірлі қыш құмыра.
Зейнолла Самашев жетекшілік еткен археологтар үшінші зиратты қазу кезінде күтпеген олжаның үстінен түсті. Өйткені, бұл зиратта сармат дәуіріндегі ерлі-зайыптылар жерленген екен. Олардың аяқ тұсынан екі жылқы мен қыранға ұқсас құстың қаңқасы табылған. Бұл зират та тоналыпты. Бірақ, отағасының киімі алтын әшекеймен безендірілгені анықталды. Тіпті шашын желке тұсына түйген байламшасы, қару-жарақ, қорамсақ жиегі, сондай-ақ асатаяғындағы самұрық бейнесі алтынмен апталыпты.
«Бұл – абыздығымен танылған тайпа көсемі. Ал, жанында жатқан жәдігерлер оның аңға құс салып, ит жүгірткен саяткер-аңшы болғанына бұлтартпас дәлел», - дейді Зейнолла Самашев.
Аралтөбе қорымынан табылған «Алтын адам» – Қазақстан тарихындағы екінші «Алтын адам».
Сармат көсемінің бейнесі 2000 жылы ғылыми негізде жүйеленіп, қалпына келтірілді. Оны Қырым Алтынбеков қалпына келтірген.
Сармат дәуіріндегі «Алтын әйел»

Атырауда арада жиырма жыл өткеннен соң тағы бір «Алтын адам» бейнесінің реконструкциядан өткен нұсқасы таныстырылды. Кездейсоқтық па, әлде тарихи сабақтастық па, 20 жылдан кейін сармат дәуіріндегі «Алтын әйел» ел тарихына енді. Бұл жолғы тарихи жәдігер ғасырлар бойы Қызылқоға ауданындағы Миялы қорғанының тереңінде ашылмай жатқан екен. Жергілікті археологтар мұнда құпиясы әлі толық зерттелмеген бірнеше қорған барын алға тартады. Бұл қорған 2017 жылы қазыла бастаған. Ал, 2020 жылы облыстық тарихи-өлкетану музейінің археологиялық қазба тобы оның алтын киімді әйел екенін дәлелдеді.
Миялы қорғандарына археологиялық қазба жүргізген топтың жетекшісі, тарих ғылымдарының кандидаты Марат Қасеновтің пікірінше, 2017 жылы сармат дәуіріндегі әйелдің киіміне өрнектелген екі түрлі алтын жапсырма табылған. Оның бірі таяқшаның үстіне сұрақ белгісі түрінде өрнектелген. Биіктігі – 1,3 см, ені – 0,8 см. Көлденең таяқшаның ұзындығы – 1,1 см. Салмағы 0,11 грамдық жапсырмада 73 пайыз алтын болған.
Ал екіншісі – құс бейнелі жапсырма. Мұнда құстың басы, қанаты мен құйрығы анық көрінеді. Оның әрқайсысында төрт саңылау жасалған. Мұны киімнің жағасына, жеңіне жапсырған болуы мүмкін. Жапсырмалардағы 70 пайыз алтынның салмағы 0,38 грамды құраған.
«Бастапқы зерттеулер кезінде қорғанда сармат дәуіріндегі дәулетті әйел жерленген болуы мүмкін деген ұйғарым жасалған еді. Өйткені, қорғаннан алтын жапсырмалар, керамикалық ыдыстар, қола мен металдан жасалған жебе ұштары, ат әбзелдері, қабанның азу тісі, ыдыстардың аңдар фигурасы түріндегі құлағы, көне бұйымдарды табылды. Біз көне жәдігерлерді Алматыдағы ұлттық сараптама және сертификаттау орталығына жібердік. Мұнда «Алтын әйелдің» жасына, сондай-ақ әшекейлердің химиялық құрамына зерттеу жүргізілді. Алтын әшекейлер ауқатты қауымның өкілі саналған әйелге тиесілі екені дәлелденді. Құнды жәдігерлердің құрамы мен салмағы нақтыланған. Кейбір әшекейдің алтыннан жасалғаны 91 пайызға дәлелденген. Зертханалық зерттеулерден кейін құнды жәдігерлер біздің заманымызға дейінгі ІV ғасырда өмір сүрген әйелдің бұйымдары деуге толық негіз бар», - дейді Марат Қасенов.
Сармат дәуіріндегі «Алтын әйел» бейнесін белгілі суретші-реставратор Қырым Алтынбеков жасаған.
«Сол дәуірдегі көшпенділер мәдениетіне сәйкес «Алтын әйелдің» жанында қорамсағы болған. Қолында болаттан соғылған қанжары бар. Алтын сырғасына, киіміндегі жапсырмаларға қарағанда, бұл сармат дәуірінің беделді адамы деген тұжырымға тоқтадық. Мұның бәрі сол кездің өзінде Ұлы дала өркениетінің дамығанын білдіреді», - дейді Қырым Алтынбеков.
Археологиялық топ жетекшісі Марат Қасеновтің айтуынша, үш қорғанда қазба жұмысы екі ай бойы жүргізілген.
«Бұл қорғандар біздің заманымызға дейінгі ІІ ғасыр мен біздің заманымыздың ХІ ғасыры аралығын қамтиды. Қорғанның жоғарғы қабаты Х-ХІ ғасырлардан, төменгі қабаты біздің заманымызға дейінгі ІІ ғасырдағы темір дәуірінен сыр шертеді. Үш қорғанда жүргізілген қазба жұмыстары кезінде 560 түрлі жәдігер табылды. Оның ішінде алтын мен күмістен соғылған әшекей бұйымдар мен ат әбзелдері, қоладан жасалған қару-жарақ, керамикалық құмыралар мен қайшы бар», - дейді Марат Қасенов.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Ортағасырлық Сарайшықтан табылған кесенің қандай құпиясы барын жазған едік.