Атырау облысындағы «Морское» кен орнында мұнай араласқан сұйықтық төгілген
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысындағы «Морское» кен орнында мұнай араласқан сұйықтық төгілгені анықталды. «Қожан» АҚ апаттық жағдайды туралы мезгілінде хабарламаған.

Атырау облыстық экология департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, оқиға 2024 жылдың 25 желтоқсанында болған. Осыған орай жоспардан тыс тексеру жүргізілген.
– Тексеру кезінде «Қожан» АҚ-ның «Морское» кен орнындағы №56 ұңғыда апаттық жағдай болғаны расталды. Соның салдарынан ластаушы заттардың шығарындылары рұқсатсыз шығарылып, жерге мұнай араласқан сұйықтық төгілген. Топырақ ластанғаны, бұл дерек бойынша заңмен көзделген мерзімде қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға хабарланбағаны анықталды. «Қожан» АҚ басшылары апаттық шығарындылар шығаруды хабарламағанына заң бұзушылық екенімен келісіп, мойындады. Компанияға қысқартылған түрде 393 мың 200 теңге айыппұл салынды, - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Сондай-ақ апаттық шығарындыларды рұқсатсыз шығару дерегі бойынша заңды тұлғаға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылды. Қазір әкімшілік іс қаралып жатыр.
– Жерге мұнай араласқан сұйықтық төгіліп, топырақтың ластану дерегіне қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің нормаларына сәйкес процессуалды шешім қабылданады. Осыған байланысты Атырау облыстық полиция департаментіне тиісті тиісті құжаттар жолданды, - деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметінен.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау мұнай өңдеу зауытының желісінен жанармай аққанын жазған болатынбыз.