Атырау облысындағы Ордабай көлінде мөңке балығының шабағы қырылып жатыр
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысындағы Ордабай көліндегі мұз астында балық шабақтары өте көп мөлшерде жиналып қалған. Шабақтың қырылу дерегі расталды.

Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының мәліметінше, Ордабай көлі Жылыой ауданында орналасқан.
– Кеше, 4 ақпанда оқиға орнына Теңіз балық инспекциясы бөлімінің мамандары, Жылыой аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы барды. Ордабай көліндегі көпір маңында бақылау, қадағалау жүргізілді. Мониторинг кезінде балықтың тұншығу, қырылу фактісі расталды. Инспекция мамандары жергілікті атқарушы органмен бірлесіп, қырылған балықты жинау, тірі шабақтарды құтқару жұмысын жүргізу туралы шешім қабылдады. Қырылған мөңке балығы шабақтарының салмағы – 4 келі. Балықтың қырылуының болжамды себебі – судағы еріген оттегінің жетіспеушілігі, - деп хабарлады облысаралық инспекциядан.


Қырылған балық шабақтары жиналып, санитарлық нормаларға сәйкес жойылған.
– 23 мың балық шабағы құтқарылып, Құлсары қаласының маңындағы Қамыскөл көліне жіберілді. Оның басым көпшілігі – мөңке балығының шабағы, - деп мәлім етті инспекциядан.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысындағы ағысы жоқ судан 3 күнде 4,5 млн шабақ құтқарылғанын жазған едік.