Атырау облысының БҚО-мен шекарадағы Бағырлай каналына мол су келді
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысының БҚО-мен шекарадағы Бағырлай каналына мол су келді.

«Қазсушар» РМК Индер өндірістік учаскесінің басшысы Сайлау Байбосыновтың айтуынша, Бағырлай каналының ұзындығы – 105 шақырым.
«Индер ауданында төрт суару-суландыру каналы бар. Бұл – Ақсай, Бағырлай, Алғабас-Жорық, Құрайлысай каналдары. Төрт каналдың жалпы ұзындығы 302 шақырымды құрайды. Оның ішінде ең ұзыны саналатын Бағырлай каналының стратегиялық маңызы бар. Себебі, бұл канал Атырау облысы мен БҚО-ның шекарасымен өтеді. 1994 жылғы су тасқыны кезінде Бағырлай каналына көп мөлшерде су келген еді. Қазір Батыс Қазақстан облысының территориясынан аталған каналға мол су келіп тұр» - дейді Сайлау Байбосынов.
Оның айтуына қарағанда, Индер ауданындағы Бағырлай, Ақсай каналын жаңғырту жүріп жатыр.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында жағалауға 2,7 млн құм толтырылған қап төселгенін хабарлаған едік.