Атырау облысының екі тұрғынынан заңсыз ауланған бекіре мен аңшы қаруы табылды
Атырау облысында екі адамнан заңсыз ауланған бекіре мен аңшылық қару тәркіленді. Күдіктілерге қатысты сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр, деп хабарлайды Kazinform.

Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, күдіктілер Шарон өзенінде ұсталған.
«Қазір су айдындарында «Бекіре-2023» күзгі іс-шарасы өткізіліп жатыр. Балық қорларына қылмыстық қол сұғушылыққа қарсы күрес бөлімінің қызметкерлері 21 қазанда Шарон өзенінде «Бударка» қайығын тоқтатты. Тексеру кезінде қайықтан 18,5 келі бекіре тұқымдас, 8,5 келі кара балық пен 2 аңшылық қару табылды. Қайықта Құрманғазы ауданының 1965 және 1968 жылғы тұрғындары болған. Балық түрлері мен қару тәркіленді», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Полиция қызметкерлері аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 335-бабының 3-бөлігімен (Балық ресурстарын, басқа да су жануарларын немесе өсiмдiктерін заңсыз алу) сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Өзге ақпарат Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес жариялауға жатпайды.
«Қазақстан Республикасы Конституциясының 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасы, Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес адамның кінәлі екендігі занды күшіне енген сот үкімімен танылғанша ол жасалған қылмысқа кінәлі емес деп есептеледі», - деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметінен.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау тұрғыны 96 келі бекіре балығымен ұсталғанын хабарлаған едік.