Атырау облысының фермерлері несиеге төрт түлік беру жобасын қолдады
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысының фермерлері тауарлы несие беру бағдарламасына қолдау білдірді. Енді олар несиеге 990 бас мал беруді көздеп отыр.
Премьер-Министрдің кеңесшісі Ералы Тоғжановтың айтуынша, тауарлық несиенің мақсаты – ауыл тұрғындарының әл-ауқатын көтеру. Жаңа жоба кредиттік жағдайы қиын және кепілге қоятын мүлкі жоқ адамдарға арналған. Олар кепілсіз, пайызсыз тауарлы несие алып, төрт-түлікті көбейте алады.
«Біз ауыл кәсіпкерлерімен кеңесіп, тауарлы несие жобасын ойластырдық. Бұл бастаманы қолдаған фермерлер аз қамтылған отбасыларға 8 880 мал таратты. Жобаға сәйкес, 5 жылға несиеге 10 сиыр беріледі. Оны қайтару шартына бойынша бірінші жылы – демалыс. Несиеге мал алған адам екінші жылы 4, үшінші жылы тағы 4 сиырды қайтаруы тиіс. Біздің есебімізше, 4-ші жылы мал саны төлімен 16-ға жетуі керек. Ал, 7 жылда мүйізді ірі қараны 24-ке дейін көбейтуге болады», - деді Ералы Тоғжанов.
Жергілікті фермерлер әкімдіктің бұл ұсынысына қолдау білдіріп отыр. Олар аталған бағдарламамен тауарлы несие беруге дайын.
«Ауыл тұрғындарын кәсіпкерлікке ынталандыру мақсатында қолға алынған тауарлық несиені қолдаймыз. Өзім жетекшілік ететін Жылыой ауданындағы шаруа қожалығынан 300 қой, 100 жылқы, 50 сиыр және 30 түйені несиеге беремін. Осы арқылы тауар алушының да, біздің де төрт түлігіміз көбейеді», - деді «Достан Ата» шаруа қожалығының жетекшісі Сейтжан Балжігітов.
Ал Қызылқоға ауданындағы «Құрман» шаруа қожалығының жетекшісі Құрман Жаңабаев 100 қой, 50 жылқы және 30 сиыр ұсынып отыр. Жылыой ауданында тіркелген «Ащысай» шаруа қожалығының жетекшісі Бақтығали Жиенқұлов 300 қой-ешкі мен 30 жылқыны несиеге бергісі келеді.
Ақтөбе облысының фермерлері атаған бағдарламамен жұмыс істеу тәжірибиесімен бөлісті.
«Біз несиеге мал беруді біз ерте бастадық. Ақтөбедегі ірі шаруашылығы бар кооперативтер малды жұмыссыздар мен атаулы әлеуметтік көмек алушыларға беріп келеді. Мен тауарлы несиеге 4 мың қой мен 120 сиыр бердім. Қазір несиеге берілген малдың 40 пайызын қайтарып алдым. Бұл жобаның екі жаққа да тиімділігі бар. Жалпы «Ауыл аманаты» бағдарламасымен берілетін несие ауыл шаруашылығын дамытуға көп мүмкіндік береді. Біз бағдарламаның жемісін көріп отырмыз», - деді Ақтөбе облысының кәсіпкері Кәмшат Төлеуова.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атыраудағы тасқыннан зардап шеккен Қызылқоға шаруаларына 62 млн теңге өтемақы тағайындалғанын жазған едік.