Атырау облысының қысқы жылыту маусымына дайындығы – 87 пайыз

Атырау облысының қоғамдық кеңесінде қысқы жылыту маусымына дайындық мәселесі қаралды. Қазір өңірдің жылыту маусымына дайындығы 87 пайыз болып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Айдулат Кенжебековтің мәліметіне сүйенсек, биыл жылыту маусымы дайындығына 5,7 млрд теңге бөлінген.
«Қазір электр қуаты мен жылу өндіретін «Атырау жылу электр орталығы» АҚ қондырғыларының тозу деңгейі – 56 пайыз. Кәсіпорындағы 14 жылу агрегатының басым бөлігі 1960-70 жылдары іске қосылған. Сол себептен жылыту маусымына дайындық кезеңінде үш жылу агрегатына жөндеу жүргізілді. Бұл – №5, 8 және 12-агрегат. Мұнда алдағы қазан айында қуаттылығы 65 МВт №13 турбоагрегатты іске қосу жоспарланып отыр», - деп хабарлады Айдулат Кенжебеков.
Оның айтуынша, облыс бойынша 416 білім беру, 144 денсаулық сақтау нысанын жылыту маусымына дайындау жұмысы аяқталған.
«Қазір жеті білім беру, алты денсаулық сақтау мекемесіне жоспарлы жөндеу жүргізу жалғасып жатыр. Ал тұрғын-үй нысандарының дайындығы – 93 пайыз. Атырау облысындағы тұрғын үй мен нысандардың 87 пайызы жылыту маусымына толық дайын», - деп мәлім етті Айдулат Кенжебеков.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атыраудағы жылу желілерінің 68 пайызы тозғанын хабарлаған болатынбыз.