Атырау облысының Мұқыр ауылында бір жігітті топ болып ұрғандар қамауға алынды
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысындағы Мұқыр ауылында бірнеше жігіт бір ер адамды тепкінің астына алды. Осыған байланысты 4 күдікті ұсталып, қамауға алынды.

Төбелестің видеосы әлеуметтік желі мен WhatsApp желісінде таралды. Қызылқоға ауданында орналасқан Мұқыр ауылындағы төбелес 2 маусымда болған.
Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі төбелеске қатысқан 4 күдіктінің ұсталғанын растады.
– Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбадағы төбелеске қатысып, құқық бұзушылық жасаған барлық күдікті анықталды. Күдіктілер қамауға алынды. Қазір ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабының 3-бөлігімен (Бұзақылық) қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілерге қатысты кешенді тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне сәйкес жариялауға жатпайды, -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Алайда, төбелестен зардап шеккен жәбірленуші арыз жазбаған. Жәбірленуші ауруханаға да жүгінбеген.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысындағы атыстан 3 адам жарақат алып, ауруханаға жеткізілгенін хабарланған болатынбыз.