Атырау облысының тұрақтандыру қорына 5,6 мың тонна көкөніс жеткізілген
АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау облысының тұрақтандыру қорына 5,6 мың тонна көкөніс жеткізілген. Бұл алдағы жылдың сәуір айына дейін жетеді.
«Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ азық-түлік қауіпсіздігі департаментінің директоры Қайсар Құрманалиевтің айтуынша, әлеуметтік маңызы бар 18 тауардың тізімі жасақталған.
— Өңір тұрғындарын пияз, қырыққабат, сәбіз және картоппен қамтамасыз етудің қамы жасалды. Тұрақтандыру қорына Махамбет ауданындағы егіс алқаптарынан 5 мың 667 тонна көкөніс жеткізілді. Бұл өнімдер Атырау қаласындағы 3 базарда, 6 сауда павильонында, «Лидер», «Идеал» супермаркеттерінің 32 сауда нүктесінде нарықтағы құнынан 20 пайызға төмен бағамен сатылады. Қазір қоймадағы көкөністер тазаланып, сұрыпталып, сауда орындарына жіберіліп жатыр, — деп хабарлады Қайсар Құрманалиев.
Оның мәліметінше, 14 әлеуметік маңызы бар өнім 49 сауда нүктесінде арзан бағамен ұсынылып отыр. Аталған қордан 2024-2025 жылдары бағаны тұрақтандыру үшін жергілікті сауда желілері мен тауар өндірушілерге айналым қаржысын толықтыру мақсатында қайтарымды қарыз берілген.
Еске сала кетейік, осыған дейін Атыраудағы сібір жарасынан кейін базардағы ет павильоны бірнеше күнге жабылғанын жазған болатынбыз.