Атырау облысының тұрғындары 505 млн теңгенің көлік салығын төлемей жүр

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысында тұрғындардың көлік салығына берешегі 505 млн теңгеге жеткен. Оның ішінде 105 млн теңгеге жуығы – өсімпұл. 

Атырау облысының тұрғындары 505 млн теңгенің көлік салығын төлемей жүр
Фото: Kazinform

Атырау облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басқарма басшысы Бисен Юсубалиевтың мәліметінше, 9 мыңнан астам адам биылғы көлік салығын әлі төлемеген.

— 2025 жылғы көлік салығы бойынша 9 мыңнан астам жеке тұлғаның берешегі 505 млн теңге. Оның 400 млн теңгеден астамы — негізгі салық, 105 млн-ға жуығы — өсімпұл. Жыл басынан бері жүргізілген 107 рейдтік іс-шара нәтижесінде 400 адамнан 5,2 млн теңге өндірілді, — деп хабарлады Бисен Юсубалиев. 

Оның айтуынша, салық мөлшері жеке тұлғалардың иелігіндегі көліктің қозғалтқыш көлеміне және айлық есептік көрсеткішке сәйкес есептеледі. 

— Қазір 2024 жылдың мүлік салығын есептеу жүргізіліп жатыр. Салықты белгіленген мерзімде төлемегендерге алдымен хабарлама жіберіледі. Одан кейін салық бұйрығы шығарылып, берешек мәжбүрлі түрде өндіріледі. Бұл процесс жеке сот орындаушылары арқылы жүзеге асырылады, — дейді Бисен Юсубалиев.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Серік Жұманғарин жаңа Салық кодексінің басты кемшілігін  атады

Соңғы жаңалықтар