Атырау облысының үш тұрғыны мал ұрлағаны үшін сотталды
Атырау облысының үш тұрғыны мал ұрлағаны үшін сотталды. Сотталушылардың екеуі 5,5 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал, үшіншісі жазасын 3 жыл бойы шартты түрде өтейді, деп хабарлайды Kazinform.

Индер аудандық сотында үш сотталушыға қатысты қылмыстық іс қаралды. Сотталушылар Д. мен К.-ға, ҚР Қылмыстық кодексінің 188-1-бабы 3-бөлігінің 1,2) тармақтарымен, ал, Қ.-ға 188-1-бабы 2-бөлігінің 1) тармағымен айып тағылған.
«Сотталушылар Д. мен К. алдын ала сөз байласқан адамдар тобы болып, бөтеннің ауласына кіріп, бірнеше рет мал ұрлаған. Ал, Қ. алдын ала сөз байласу арқылы бөтеннің малын өрістен жасырын жымқырған. Сотталушылардың кінәсі іс материалдарымен толықтай дәлелін тапты», - деп хабарлады аудандық соттан.
Мал иелеріне 1 млн 700 мың теңге көлемінде залал келтірілген.
Сот үкімімен сотталушылар Д. және К. ҚР Қылмыстық кодексінің 188-1-бабы 3-бөлігінің 1,2) тармақтарымен кінәлі деп танылды. Оларға мүлкін тәркілемей, 5 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Ал, сотталушы Қ. ҚР Қылмыстық кодексінің 188-1-бабы 2-бөлігінің 1) тармағымен кінәлі деп танылды. Оған мүлкін тәркілемей, 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, аталған құжаттың 63-бабы қолданылған. Оның бас бостандығы 3 жыл мерзімге шартты түрде шектелген. Сот үкімі заңды күшіне енді.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында жыл басынан бері 24 мал ұрлығының жартысы ғана ашылғанын жазған болатынбыз.