Атырау оқушылары көлік жүргізушілеріне жол ережесін сақтау туралы хат жолдады
Атырау қаласындағы мектеп оқушылары көлік жүргізушілеріне жол ережесін сақтау туралы хат жолдады, деп хабарлайды Kazinform.

Атырау қалалық полиция басқармасы патрульдік полиция батальоны командирінің орынбасары Ерсін Қожахметовтің айтуынша, «Қауіпсіз жол жүрісі» апталығы өтіп жатыр.
Патрульдік полиция батальонының қызметкерлері апталық аясында «Жүргізушіге хат» тақырыбында мектеп оқушыларына түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Ал оқушылар жылдамдықты асырып, жол белгілеріне назар аудармайтын, мас күйде рульге отырып, жол апатына себепші болатын жүргізушілерге арнайы хат жолдады.
«Қымбатты жүргізуші ағай, қоғамдық көліктің қызметін күнделікті пайдаланамыз. Онымен жұмысқа, сабаққа барамыз, үйге қайтамыз. Көлікті абайлап жүргізсеңіз, барлығымыз аман боламыз. Апаттан сақ болу – өз қолыңызда! Сапарыңыз сәтті болғай», - деп жазған оқушының бірі.
Атырау қалалық полиция басқармасы патрульдік полиция батальоны командирінің орынбасары Ерсін Қожахметовтің пікірінше, оқушылардың хаты жол ережелерін сақтамайтын жүргізушілерге ой салуы мүмкін.
«Жол ережесін бұзған жүргізушілерге айыппұл салынса да, жол апаты азаяр емес. Сондықтан жүргізушіге талап-тілегін жеткізген оқушылардың пікірі арқылы заң бұзушылықтардың алдын алуды көздедік. Акция барысында оқушылар жазған хаттар жүргізушілерге көрсетілді», - дейді Ерсін Қожахметов.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда көлік қаққан 6 жасар жасөспірімге ота жасалғанын хабарлаған едік. Кейін Атырауда жеңіл көлік аударылып, 21 жастағы жолаушы көз жұмғанын жазған болатынбыз.