Атырау өңірінде жыл басынан бері 8 адам суға батып кеткен
АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау облысында жыл басынан бері 8 адам суға кетіп, мерт болды. Оның үшеуі — бала.

Қаза болғандардың бесеуі аптап ыстық басталған маусым-шілде айларында көз жұмған.
— Қауіпсіздік талаптарын сақтамау салдарынан жаз мезгілінде 5 адам суға батып қаза болды. Олардың қатарында 3 бала бар. Жайық өзені бойында тұрғындардың судағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында күнделікті рейдтік іс-шаралар ұйымдастыру жалғаса береді, — деді Атырау облысы ТЖД төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы, азаматтық қорғау майоры Жантөре Демешов.
Сондай-ақ, құтқарушылар биыл сәуірде 2 ересек адамды, мамыр айында 1 баланы судан құтқарып қалған.

Өңірде қайғылы оқиғалардың алдын алу мақсатында, құтқарушылар қауіпті учаскелерді аралап, тұрғындарды мас күйде суға түспеуге, балаларды қараусыз қалдырмауға, құтқару жилеттерін киюге, сондай-ақ белгіленбеген және қауіпті жерлерде шомылмауды ескертеді.
2025 жылдың маусым-шілде айларында жүргізілген профилактикалық рейдтер барысында ҚР Әкімшілік-құқық бұзушылық туралы кодексінің 412 бабы бойынша 83 адамға хаттама толтырылған.
Атырау облыстық ТЖД дерегі бойынша 2024 жылы 9 адам қаза тапқан. Олардың төртеуі бала екені айтылды. Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындардан өз қауіпсіздіктеріне жауапкершілікпен қарап, судағы қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырады.
Еске сала кетейік, бұған дейін батыс Қазақстанда суға батып кеткендер саны 20-ға жеткенін жазған болатынбыз.