Атырау-Орал трассасынан Индерге баратын жолды су басу қаупі қайта төнді

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау-Орал трассасынан Индер ауданына баратын 7 шақырымдық жолды су басу қаупі қайта төнді. Осыған байланысты аталған жол бөлігімен жүк көліктерінің қозғалысына шектеу қойылды.  

Жайық
Фото: Индер ауданының жедел штабы

Индер ауданының жедел штабының ақпаратына қарағанда, қауіптің күшеюіне екі себеп әсер етіп отыр. Біріншіден, Жайық өзеніндегі су деңгейі көтеріліп, бүгін, 12 мамырда күндізгі сағат 16:00-де 1 035 сантиметрге жеткен. Бұл қауіпті деңгейден +190 сантиметрге көп. Екіншіден, бүгін аудан екпінді жел соғып, Индербор кентіне баратын жолға тірелген судың толқынын күшейткен. 

Жайық
Фото: Индер ауданының жедел штабы

«Жолдың екі жағына топырақ төгіліп, бөгет соғылған еді. Бірақ, су асфальттың астынан өтіп, енді бетіне шығып жатыр. Осыған байланысты Атырау-Орал трассасынан Индербор кентіне дейін баратын 7 шақырымдық жолда жүк көліктерінің қозғалысы тоқтатылды. Қазір жағдай бақылауға алынып, тиісті жұмыстарды атқару әлі де жалғасуда», - деп хабарлады аудандық жедел штабтан.

Жайық
Фото: Индер ауданының жедел штабы

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау-Орал трассасынан Индерборға баратын 7 шақырым жолды су басқанын жазған болатынбыз. 

Соңғы жаңалықтар