Атырау полицейлері 2 жасар сәбиді құтқару үшін лифтінің есігін күшпен ашты
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырауда 2 жасар сәбиді лифтіде қалып қойған. Анасының шақыртуымен келген полицейлер лифтінің есігін күшпен ашып, балақайды алып шықты.
Атырау облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, бұл туралы бүгін 102 операторына хабар түскен.

«Жедел басқару орталығының қызметкерлері оқиға орнына патрульдік экипажды жедел бағыттады. Оқиға орнына жеткен патрульдік полиция қызметкерлері Ақжол Қибатоллаев пен Жантөре Әліпкалиев 2 жасар сәби жалғыз қалып қойған лифтінің 8-қабатта тұрғанын анықтады. Полицейлерге балақайды құтқару үшін лифтінің есігін күшпен ашуға тура келді. Құтқарылған балақай анасына табысталды», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда субұрқаққа құлаған 3 жасар бала көз жұмғанын жазған едік.
Сондай-ақ, тұрғын үйдің 3-қабатынан құлаған 6 жасар бала ауруханаға түсті.
Кейін 3-қабаттан құлаған 6 жасар баланың аяғына ота жасалды.