Атырау полицейлері Қарағай ауылындағы үйлерді тәулік бойы бақылайды

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысының полицейлері тұрғындары эвакуацияланған Қарағай ауылындағы үйлерді тәулік бойы бақылауға алды.  

Атырау
Фото: Атырау облыстық ПД

Қарағай – Жылыой ауданындағы Қосшағыл ауылдық округіне қарайтын елді мекен. Шағын ауыл аудан орталығы – Құлсары қаласынан 16 шақырымда орналасқан.

Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлімет еткендей, Қарағай ауылынан 156 тұрғын эвакуацияланған.

«Жылыой ауданында төтенше жағдай жариялануына байланысты Қарағай елді мекенінің 156 тұрғынын эвакуациялауға 4 автобус, 26 полицей, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің 17 қызметкері жұмылдырылды. Қазір Қарағай ауылында қараусыз қалды. Сол себептен, полиция қызметкерлері тұрғын үйлерді тәулік бойы бақылауға алды. Мақсат – қараусыз қалған үйлерге қатысты құқық бұзушылықтарға жол бермеу», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Жылыой ауданында Жем өзенінің суы 2 метр 53 см-ге көтерілгенін жазған едік. 

Құлсары қаласындағы көпір уақытша жабылды. Сондай-ақ Атырау облысының тағы бір ауданында төтенше жағдай жарияланған еді. 

Бүгін Құлсарыдан Доссорға дейінгі жолдың бір бөлігін су басты. 

Соңғы жаңалықтар