Атырау полицейлері тұрғындары эвакуацияланған Талдыкөл ауылын тәулік бойы бақылауға алды

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысының полицейлері тұрғындары эвакуацияланған Талдыкөл ауылын тәулік бойы бақылауға алды.

Атырау
Фото: atyrau360.kz

Махамбет аудандық жергілікті полиция қызметінің учаскелік инспекторы, полиция майоры Есболат Жексенғұловтың айтуынша, патрульдік бақылау екі ауысыммен тәулік бойы жүргізіледі.

«Бейбарыс ауылдық округіне қарасты Талдыкөл елді мекенінің тұрғындарын алдын ала эвакуациялау жарияланғалы бері жергілікті полиция қызметкерлері тәулік бойы қоғамдық тәртіпті бақылауды қолға алды. Мақсатымыз – қоғамдық тәртіпті қадағалау және қараусыз қалған үйлерді тонау фактісінің алдын алу. Сол себептен, Махамбет ауданы жергілікті полиция қызметінен 30 полиция, 7 автокөлік бөлінді», - деді Есболат Жексенғұлов.

Атырау облыстық жедел штабтың мәліметінше, Махамбет ауданындағы Талдыкөл ауылына кіретін жолды тасқын су шаю қаупі күшейген. Соған байланысты Махамбет аудандық жедел штабтың шешімімен 13 мамырда тұрғындарды алдын ала эвакуациялау басталған.

Бұл елді мекенде 506 тұрғын үй бар. Ауылда 1215 тұрғын тіркелген.

«Тұрғындарды уақытша қоныстандыру үшін Атырау қаласындағы APEC жоғары колледжінде және «Dana» қонақ үйінде эвакуациялық пункттер дайындалды. Бірінші кезекте жүкті әйелдер, балалар мен зейнет жасындағы қариялар көшіріледі. Ал ауыр науқастар облыстық Денсаулық сақтау басқармасы әзірлеген алгоритм бойынша эвакуацияланады», - деп хабарлаған еді аудан әкімі Қайрат Нұрлыбаев.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысындағы Талдыкөл ауылының тұрғындарын эвакуациялау басталғанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар