Атырау полицейлеріне «Кибер-шериф» құрылғысы орнатылған 28 көлік берілді

АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау облысының полицейлер «Кибер-шериф» құрылғысы бар 28 көлікке ие болды. Тәртіп сақшыларына өзге де құрылғылар табысталды.

Кибер шериф
Фото: Атырау облысы ПД

Атырау облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Нұрхат Оразбаевтың айтуынша, 28 көлік «Кибер-шериф» құрылғысымен жабдықталған.

«Аталған жүйе жол ережесін бұзып, қауіп төндіретін жүргізушілерді анықтауға, оларды автоматты түрде жауапкершілікке тартуға мүмкіндік береді. Бұл құрылғының бейнекамерасы 360 градустағы көріністі бақылап, бір мезгілде 50 автокөлікті қадағалай алады. Жылдамдықты шектен тыс асыру, қарсы бағытқа шығу, көрінбейтін мемлекеттік тіркеу нөмірлерін таққан, ұрланған немесе борышкерлер жүргізген көлікті автоматты түрде анықтайды. Құқық бұзушылық деректері полиция қызметкерлерінің қатысуынсыз, автоматты түрде базаға түседі. Электронды хаттама қаулысы 1 апта ішінде көлік иелерінің мекен жайларына жолданады», - дейді Нұрхат Оразбаев.

Оның айтуынша, полиция қызметкерлері 4 әуе дроны, 8 «Оракул-Инсайт» мобильді-тасымалау және «Трафик-Сканер» стационарлық жылдамдық өлшегіш құрылғысымен қамтылды.

«Кибер-шериф» борттық аппараттық кешені бар көліктер Атырау қаласындағы, республикалық маңызы бар және Атырау-Индер, Сағыз-Миялы, Құлсары-Теңіз бағытындағы жолдарды бақылайтын арнайы патрульдік қызметкерлерге берілді.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында жол апатынан жедел жәрдем қызметкері мерт болғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар