Атырау соты қолы жарақаттанған оператордың шағымын қанағаттандырудан бас тартты

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау қаласының тұрғыны 2022 жылы шарт бойынша көлік жуу операторы болып жұмысқа қабылданған. Алайда, 3 айдан кейін жуу механизмімен техникалық тұзды ұсақтау кезінде сол қолынан жарақат алған.

судья
Фото: Мухтор Холдорбеков / Kazinform

Жоғарғы соттың мәліметінше, Атырау облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы жазатайым оқиға фактісін ЖШС-ға хабарлаған. Оқиғаны тексеру үшін комиссия тағайындау туралы бұйрық шығарылған. Тексерудің нәтижесінде жазатайым оқиғаның өндірістік қызметпен байланысты екені, оның 30%-ы жұмыскердің, ал, 70%-ы жұмыс берушінің кінәсінен болғаны анықталған.

Жұмыс беруші серіктестік сотқа дейінгі тергеп-тексеру нәтижелерімен келіспей, шағым түсірген. Бірақ, арнайы тергеу актісі өзгеріссіз қалдырылған.

Сондықтан, ЖШС сотқа мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы тарапынан жазатайым оқиғаны арнайы тексеру актісін жою жөнінде әкімшілік талап қоюмен жүгінді. Атырау мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты және апелляция арнайы тергеп-тексеру даулы актісінің заңдылығын атап, талап қоюды қанағаттандырудан бас тартты. Еңбек кодексінің 23-бабының 2-тармағының 25) тармақшасына сәйкес жұмыс беруші еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауға ішкі бақылауды жүзеге асыруға міндетті болады. 

«Белгіленген мән-жайлардан және зерттелген іс материалдарынан жәбірленушінің әрекетінде өрескел абайсыздықтың субъективті белгілері бар екені анықталды. Сот келесі фактілерді сенімді түрде анықтады. Іс материалдарымен жұмыс беруші тарапынан жоққа шығарылмады. Біріншіден, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша ішкі бақылау болмаған. Екіншіден, ұсатқыш механизмінің қорғаныс қабығын орнату бойынша шаралар қабылданбаған. Үшіншіден, жазатайым оқиға болған күні жұмысшылардың қажетті саны қамтамасыз етілмеген. Жұмыскер мен жұмыс берушінің кінәсінің дәрежесін дұрыс анықтау, жазатайым оқиғаны тергеп-тексеру барысында жауапкер тарапынан бұзушылықтардың болмауы, жұмыс берушінің еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауды тиісті деңгейде бақылауға алмауы талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы сот шешіміне негіз болды», -деп хабарлады Жоғарғы соттан.

Жоғарғы соттың әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы жергілікті соттардың қорытындысымен толық келісіп, талап қоюшының кассациялық шағымын қанағаттандырусыз қалдырды.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда ІІ топ мүгедегі тіс емханасының сапасыз қызметі үшін сотқа жүгінгенін жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар