Атырау тұрғыны материалдық залал үшін 2,2 млн теңге төлейді
АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау соты материалдық шығынды өндіру туралы талапты қанағаттандырылды. Жергілікті тұрғын жол-көлік оқиғасының салдарынан келтірілген материалдық залал үшін 2,2 млн теңге төлейтін болды.

Атырау қалалық сотының ақпаратына қарағанда, талап қоюшы А. жауапкер С.-дан жол-көлік оқиғасы салдарынан келтірілген материалдық залалды өндіруді сұраған.
— Азаматтық іс материалдарына сәйкес, жауапкер Атырау қаласында өзінің автокөлігімен талап қоюшының көлігіне соқтығысып, жол-көлік оқиғасын жасаған. Нәтижесінде талап қоюшыға материалдық залал келтірілген. Талап қоюшының өкілі жауапкердің әрекетімен келтірілген 2 млн 214 мың 363 теңге материалдық залалды және сот шығыстарын өндіруді сұрады. Атырау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының қаулысымен жауапкер ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 610-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылды, — деп хабарлады соттан.
Жауапкер өкілі талапты мойындамады. Талап қоюды қанағаттандырудан бас тартуды сұрады.
— Сот талап қоюды қанағаттандырды. Жауапкерден талап қоюшының пайдасына 2 млн 214 мың 363 теңге өндірді, — деп мәлім етті қалалық соттан.
Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда 49 млн теңгені жымқырған мектеп-интернаттың бас есепшісі 5 жылға сотталғанын жазған едік.