Деканға 6 жыл заңсыз жалақы жазған: Атырауда ЖОО-ның кадр басшысы қызметінен кетті

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті кадр қызметінің басшысы жұмысынан босатылды. Ал, еңбек тәртібін бұзған үш қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Kazinform.

кадр
Фото: Мухтор Холдорбеков/Kazinform

Оқу орнының баспасөз қызметі осыған қатысты мәліметті ұсынды.

«Еңбек тәртібін бұзған 3 қызметкерге заңнама талаптарына сай тәртіптік шаралар қолданылды. Сонымен қатар, кадр қызметінің басшысы жұмысынан босатылды. Еңбек Кодексінің және оқу орнының ішкі тәртіптік ережесіне сәйкес қызметтік тәртіпті бұзғаны үшін бұрынғы декан 1 қарашадан бастап жұмыстан шығарылды. Бұрынғы декан 2017 жылдан бастап созылмалы қатерлі сырқатқа шалдыққаны, сол себептен, денсаулығына байланысты медициналық тексеруден өткен. Дәрігерлерден медициналық кеңес алып, емделіп жүргені де анықталды», -деп хабарлады университеттің баспасөз қызметі.

Еске сала кетелік, бұған дейін Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің деканы 6 жылдан бері заңсыз жалақы алып келгенін жазған едік.

«Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігі өңірлік филиалының мәліметінше, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті экономика және құқық факультетінің деканына жалақыны заңсыз аудару фактісі анықталған. 2017 жылдан 2023 жылдың қыркүйегіне дейін аталған декан Оңтүстік Корея, Түркия және тағы басқа елдерге бірнеше рет барған. Алайда, табельдерге жұмыс күндері ретінде қойылып, жалпы сомасы 1 млн теңгеге жуық төлем жүргізілген. Көрсетілген кезеңде деканға 80 жұмыс күні ішінде табельдерге ақылы күндер қойылды. Ал іс жүзінде ол жұмыс орнында болмаған.

Соңғы жаңалықтар