Атырау вокзалын жаңғырту кезінде биіктен құлаған жұмысшының жағдайы ауыр

АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау қаласындағы теміржол вокзалын жаңғырту кезінде жұмысшы ауыр жарақат алды. Қазір 42 жастағы азамат облыстық аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр. Дәрігерлер оның жағдайын өте ауыр деп бағалап отыр.

Атырау вокзалын жаңғырту кезінде биіктен құлаған жұмысшының жағдайы ауыр
Фото: Атырау облысы әкімдігі

Алдын ала мәлімет бойынша, жұмысшы шамамен 5 метр биіктіктен құлаған. Оқыс оқиға 15 қазанда болған.

Атырау облыстық ауруханасының басшысы Ербол Иманғалиевтің айтуынша, науқастың бас миы, жұлын және омыртқасы зақымданған. Оған қажетті ота жасалған.

— Қазір жансақтау бөлімінде жатыр. Жағдайы өте ауыр. Кеше тиісті ота жасалды. Қазіргі уақытта барлық қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр, — деді Ербол Иманғалиев.

Оқиғаға байланысты Атырау станциясындағы көліктегі полиция бөлімі еңбекті қорғау қағидаларын бұзу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады.

— Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтау мақсатында қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат жария етуге жатпайды, — делінген көліктегі ПД мәлімдемесінде.

Ал еңбек инспекциясы жазатайым оқиғаның себептері мен жағдайларын анықтау үшін арнайы комиссия құрылатынын хабарлады.

Айта кетейік, Атырау қаласындағы теміржол вокзалын жаңғырту жұмысын «Батыс Альянс Строй» компаниясы жүргізіп жатыр.

Бұған дейін биыл Павлодарда өндірістік жарақаттан 11 адам көз жұмғанын жазған едік.