Биыл Павлодарда өндірістік жарақаттан 11 адам көз жұмған

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Өндірісте зардап шеккендердің басым бөлігі тау-кен металлургия өнеркәсібі кәсіпорындарында (20%) және ауыл шаруашылығында (15%) байқалып отыр.

Алматы тауларында жарақат алған турист эвакуацияланды
Фото: ҚР ТЖМ

Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Павлодар облысы бойынша департаментінің статистикалық деректеріне сүйенсек, 2025 жылы өңірде 104 өндірістік жазатайым оқиға тіркеліп, 113 адам зардап шеккен. Оның ішінде 67 адам ауыр жарақат алса, 7 адам қаза болған. Тағы 39 адам жеңіл және орташа дәрежедегі жарақат алған.

- Биыл алғашқы 8 айда 67 өндірістік жазатайым оқиға тіркеліп, 79 адам зардап шеккені анықталды. 45 адам ауыр жарақат алса, 11 адам мерт болған. 23 адам жеңіл және орташа дәрежедегі жарақат алған. Былтыр зардап шеккендердің ең көп саны тау-кен металлургия өнеркәсібі кәсіпорындары мен бюджеттік ұйымдарда анықталса, биыл бұл санатқа ауыл шаруашылығы қосылып отыр, - деп хабарлады Kazinform тілшісіне департамент басшысы Асқар Қапанов.

Жазатайым оқиғаларға еңбек ұйымдарындағы жұмыстың талапқа сай ұйымдастырылмауы (42%), жұмысшылардың салақтығы (25%), қауіпсіздік және еңбекті қорғау қағидаларын бұзу (28%), еңбектің қауіпсіз тәсілдеріне оқытудағы кемшіліктер (1%), жол жүрісі қағидаларын бұзу (1%) себеп болған.

- Өндіріс орындарында тіркелген жазатайым оқиғалар кезінде адамдар биіктен құлаған, не болмаса қозғалатын заттардың әсерінен жаншылған. Сондай-ақ, машиналар мен жабдықтарды пайдалану, жол-көлік оқиғалары, топырақ пен конструкциялардың опырылуы кезіндегі жарақат алып, күйік шалу пен улану жиі тіркеледі, - деп қосты департамент басшысы.

Айтуынша, өндірістік жазатайым оқиғаларға байланысты жұмыс берушілерден өндірілген өтемақының жалпы сомасы бойынша департаментте жеке статистикалық есеп жүргізілмейді. Мұндай төлемдер жұмыс берушілердің, сақтандыру ұйымдарының және сот органдарының құжаттары бойынша жүзеге асырылады.

Былтыр 69 қайғылы оқиға бойынша материалдар құқық қорғау органдарына жолданған. Ал биыл жыл басынан 46 оқиға бойынша материалдар құзырлы органдарға жөнелтілген. Қылмыстық істерді тіркеу, олар бойынша процестік шешім қабылдау және кінәлі адамдар санын есепке алу құқық қорғау органдарының құзыретіне жатады.

Бұған дейін жұмыста жарақат алған жағдайда өтемақыны кім төлейтіні туралы жазғанбыз.