Атырау вокзалындағы жазатайым оқиға: қосалқы мердігерге 1,3 млн теңге айыппұл салынды

АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау вокзалын жаңғырту кезінде 4,5 метр биіктіктен құлаған жұмысшыға қатысты жазатайым оқиғаны мемлекеттік еңбек инспекциясы тергеп-тексерді. Нәтижесінде жұмыс берушінің кінәсі 100 пайыз деп танылып, қосалқы мердігерге жалпы сомасы 1,3 млн теңгеге жуықтайтын екі айыппұл салынды.

Атырау вокзалындағы жазатайым оқиға: қосалқы мердігерге 1,3 млн теңге айыппұл салынды
Фото: Атырау облысы әкімдігі

Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Атырау облысы бойынша департаментінің бөлім басшысы Ислам Игамбердиевтің айтуынша, тексеру барысында жұмысшымен еңбек шарты жасалмағаны және жазатайым оқиға туралы дер кезінде хабарланбағаны анықталған.

— Жұмыс берушіге «АБК Строй» жеке кәсіпкерлігіне екі айыппұл салынды. Бірі — еңбек шартын жасамағаны үшін, екіншісі бізге уақытында хабарламағанымен байланысты. Бұл жағдай туралы алдымен «БатысАльянсСтрой» мекемесінен білдік. Кейін анықтау барысында жұмысшының жеке кәсіпкер «АБК Стройда» еңбек еткені белгілі болды, — деді Ислам Игамбердиев.

Вокзалды жаңғырту жұмысының бас мердігері — «БатысАльянсСтрой» ЖШС. Ал зардап шеккен жұмысшы қосалқы мердігер ретінде тартылған жеке кәсіпкерге жұмыс істеген.

— Бас мердігер еңбек қауіпсіздігін үйлестіруге және бақылауға міндетті. Алайда «БатысАльянсСтрой» ЖШС тарапынан тиісті бақылау жүргізілмеген, — деді Ислам Игамбердиев.

Еңбек инспекторлары тексеріс қорытындысын Атырау станциясындағы желілік полиция бөліміне жолдаған. 15 қазан күні жазатайым оқиға тіркелген кезде еңбек қауіпсіздігі қағидаларын бұзу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалған еді. 

— Қазіргі уақытта қылмыстық іс бойынша оқиғаның мән-жайын толық, жан-жақты және обьективті анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. Өзге ақпарат ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесіне орай жария етуге жатпайды, — деп хабарлады көліктегі полиция департаменті.

Ал Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасы, зардап шеккен 42 жастағы азаматтың жағдайы әлі де ауыр екенін айтып, ауруханада ем алып жатқанын мәлімдеді.

Қазақстандық мұнай-газ кешені қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағының Атырау облыстық филиалының төрағасы Салтанат Рахимова жұмыс орындарында қауіпсіздік талаптарын сақтау мәселесіне тұрақты назар аудару қажет екенін айтты. Оның пікірінше, еңбек инспекциясы адам өміріне қауіп төнген жағдайда жедел тексеру жүргізе алуы тиіс.

— Қала көшелерінде кетіп бара жатып кейде белінде сақтандыру белдігі жоқ, биіктікте жұмыс істеп жатқан адамдарды көзіміз шалып қалады. Сондай жағдайда еңбек инспекциясының тез арада әрекет ете алатын мүмкіндігі болуы керек. Өкінішке қарай, заңнамалық тұрғыдан ондай мүмкіндік қарастырылмаған. Адам өміріне қауіп төніп тұрған жағдайда бірден тексеру тағайындап, жұмыс берушінің еңбек қауіпсіздігі талаптарын сақтау жағдайын алдын ала хабарламай тексеру керек, — деді Салтанат Рахимова.

Еңбек инспекторларының айтуынша, қолданыстағы тәртіп бойынша еңбек қауіпсіздігі талаптарының бұзылғаны туралы шағым алдымен сараланып, тек прокуратураның рұқсатымен тексеріс тағайындалады.Сондықтан заңгер Салтанат Рахимова адам өміріне қауіп төнген жағдайда алдын ала ескертусіз тексеру жүргізуге мүмкіндік беретін нормаларды еңбек және кәсіпкерлік кодекстеріне енгізуді ұсынды.

Бұған дейін Екібастұзда теміржол стансасының жұмысшысы вагон астында жаншылып, көз жұмғанын жазған едік.