Атырау жылу жүйелері сегіз айдан бері кәсіпкерге 56 млн теңгені төлемей келген

Атырау жылу жүйелері кәсіпорны кәсіпкерге 56,1 млн теңгені төлемей келген. Кәсіпкер аталған кәсіпорынға 8 ай бұрын бекіту арматурасын жеткізіп берген, деп хабарлайды Kazinform.

кәсіпкер құқығы
Фото: Kazinform

Амалы таусылған кәсіпкер Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облыстық департаментіне шағым түсірген.

«Тексеру кезінде „Атырау жылу жүйелері“ АҚ бас тартуды шарт талаптарында 360 банктік күн ішінде төлем жасау көзделгендігімен түсіндірді. Ұсынылған құжаттарды зерделеу барысында осы кәсіпорынмен шарт жасасқан барлық кәсіпкерлік субъектінің қызметіне қиындық тудыратын әкімшілік кедергілер анықталды. Мәселені шешу үшін облыстық Табиғи монополияларды реттеу және Бәсекелестікті қорғау департаменттерімен бірлесіп, сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жол бермеу, әлеуетті өнім берушілер тарапынан өтініштерді азайту мақсатында жоғары тұрған органдарға тауарды немесе көрсетілетін қызметтерді жеткізгені үшін ақы төлеу шарттарына нақты мерзімдерді көрсету түрінде өзгерістер енгізу туралы ұсыныс жолданды. Бұдан басқа „Атамекен“ ҰКП Атырау облыстық филиалы, мемлекеттік және квазимемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуымен өткен кездесуде кәсіпкерге берешекті төлеу туралы келісімге қол жеткізілді. Қазір кәсіпкерге 30 млн теңге сомасында қарыз төленді. Қарыздың қалған бөлігі ай сайын 10 млн теңгеден аударылады», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында кәсіпкерлер қандай кедергіге жиі тап болғанын хабарлаған едік. 

Соңғы жаңалықтар