Атырауда 1 сәуірден бері 425 келі бекіре, 2,5 келі қарауылдырық тәркіленді

АТЫРАУ. KAZINFORM – 1 сәуірден бері Атырауда заңсыз айналымнан 425 келі бекіре, 2,5 келі қарауылдырық тәркіленді. 

тәркіленді
Фото: Атырау облыстық полиция департаменті

Еліміздің батысындағы Атырау, Маңғыстау және Бастыс Қазақстан облысындағы су айдындарында 1 сәуірден бері «Бекіре-2024» балық қорғау акциясы өтіп жатыр. Бұл акция 31 мамырға дейін жалғасады.

тәркіленді
Фото: Атырау облыстық полиция департаменті

Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, аталған іс-шараға байланысты Еркінқала ауылынан Каспий теңізіне шығатын Жайық өзені бойындағы «Пешной» бекетінде жылжымалы мобильдік топтары құрылған. Қазір Еркінқала, Дамбы, Алғабас елді мекендеріне қатынайтын жолда автокөлік құралдарының қозғалысына бақылау жүргізу қолға алынды. 

«Полиция қызметкерлері бекіре тұқымдас балықтың заңсыз айналымына байланысты 6 құқық бұзушылық анықталды. 4 қылмысқа қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды. Құқық бұзушылыққа байланысты 7 қайық, 8 автокөлік тәркіленіп, арнайы тұраққа қойылды. Заңсыз айналымнан 435 келі бекіре тұқымдас балық, 2 келі 500 грамм қарауылдырығы тәркіленді», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі. 

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда браконьерлер 313 келі бекірені қамыс арасына жасырғанын хабарлаған едік. 

Соңғы жаңалықтар