Атырауда 13,6 млрд теңге бөлінген 7 тұрғын үйдің құрылысы әлі бітпей тұр

АТЫРАУ. KAZINFORM - Атырау қаласының маңындағы Талғайраң елді мекенінде 7 тұрғын үйдің құрылысы әлі бітпей тұр. Тұрғын үй құрылысы бір жыл бұрын тоқтап қалған.

тығыз құрылыс
فوتو: Kazinform

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Атырау облыстық департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, құрылыстың тоқтауына екі жайт себеп болған.

Оның біріншісі — мердігердің келісімшарттағы міндеттемелерін жүйелі, уақтылы орындамауы; екіншісі — құрылыс материалдарының қымбаттауы.

«Облыстық құрылыс басқармасының мамандарымен, мердігермен және еріктілермен бірге Талғайраң елді мекеніндегі құрылысы бір жыл бұрын тоқтатылған 9 қабатты 90 пәтерлік жеті тұрғын үйдің, сондай-ақ, су құбыры мен кәріз желісінің құрылыс барысына мониторинг жасады. Атырау қалалық әкімдігінің құрылыс бөлімі тұрғын үйлердің құрылысын жүргізу үшін «Тараз Құрылыс Инвест» компаниясымен 13,6 млрд теңгеге шарт жасаған. Әр үй үшін 1,9 млрд теңге бөлінген. Осы кезге дейін 3,6 млрд теңге игерілді», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Жергілікті департамент сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің картасын іске асыру шеңберінде тұрғын үйлер құрылысын бақылауға алған. Мақсат — құрылыс нысандары бойынша бюджет қаражатының жұмсалуын қадағалау.

«Антикор облыс әкімімен бірлесіп, бұзушылықтарды жою және проблемалық нысандардың құрылысын аяқтау жоспарын бекітті. Құрылыс жұмыстарын 2024 жылдың екінші жартыжылдығында аяқтау көзделген», - деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметі.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда 7 жылдан бері салынбай тұрған мәдениет үйінің құрылысы қайта жанданатынын хабарлаған едік

Соңғы жаңалықтар