Атырауда 16 мың тоннаға жуық балық аулау лимиті белгіленді
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысында биыл балық аулау лимиті 16 мың тоннаға жуықтады. Көктемгі маусым басталғалы бері Жайық өзенінде балықшылар ауына көксерке көптеп түсіп жатыр.
19 наурыздан бастап өңірде 10 кәсіпорын Жайық өзенінің бойындағы 11 тартымда балық аулауға кірісті. Әр учаскеде 15-20 адамнан құралған балықшылар тобы су маржандарын аулап, цехтерге өткізіп жатыр. Олардың айтуынша, соңғы жылдары сирек кездескен көксерке өткен жылдан бері қайта байқала бастаған.
– Былтырдан бастап көксерке көрінді. Халықтың ризығы болар. Өлшемге толмайтынын алмаймыз, талапқа сай келетінін ғана аламыз. Бұрын бұл балық мүлде болмайтын, – дейді балықшы Бати-хан Сұлтанғалиев.
Дегенмен балықшылар су деңгейінің төмендігіне алаңдап отырғанын жасырмайды.
– Бұрынғыдай су жоқ. Күзден бастап балық біртіндеп көріне бастады. Енді сәуірде су келеді деп күтіп отырмыз. Қанша ауласақ, соны тапсырамыз. Қызыл балық әзірге шыққан жоқ, – дейді балықшы Сираж Кенесариев.
Мамандардың мәліметінше, көктемгі балық аулау маусымы 19 наурыз бен 15 мамыр аралығында өтеді. Белгіленген талапқа сәйкес, 19 наурыздан 15 сәуірге дейін балықшылар 5 күн ау салып, 3 күн үзіліс жасауы тиіс. Ал 15 сәуірден 15 мамырға дейін 5 күн жұмыс істеп, 5 күн демалады. Бұл шектеулер балықтардың уылдырық шашуына жағдай жасау үшін енгізілген.
– Жайық өзеніне бөлінген лимиттің бір апта ішінде 5 пайызы орындалды. Балық аулау барысын 15-ке жуық инспектор бақылап отыр. Олар таңертеңнен кешке дейін ауланған өнімнің лимиттен аспауын қадағалайды, – деді Дамбы балық инспекциясы бөлімінің бас маманы Амангелді Ахтанов.
Атырау облысы бойынша балық аулау лимиті бірнеше су айдынына бөлінген.
– Жайық өзенінде – 2878 тонна, Қиғаш өзенінде – 3612 тонна, ал Каспий теңізінің облыс аумағындағы бөлігінде 9447 тонна квота қарастырылған. Бұл жұмыспен 16 балық шаруашылығы субъектісі айналысады,-деп мәлімдеді Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы.
Айта кетейік, өткен жылы облыста 10 326 тонна квота бөлініп, нәтижесінде 9 мың тоннадан аса балық ауланған.
Бұған дейін Арал-Сырдария бассейнінде балық аулауға шектеу қойылғанын жазған едік.