Атырауда 1950 жылы пайдалануға берілген стадион тағы реконструкциядан өтеді
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау қаласындағы «Мұнайшы» орталық стадионы 1950 жылы пайдалануға берілген. Енді оны тағы да қайта жаңғыртудан өткізу жоспарланып отыр.

Атырау облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының баспасөз хатшысы Гаухар Ильясованың дерегіне қарағанда, стадион «Бокстан облыстық мамандандырылған спорттық клубы» КМҚК теңгеріміне берілген.
– Атырау қаласындағы тарихи спорт нысандарының бірі – «Мұнайшы» орталық стадионын қайта жаңғырту 2025-2026 жылдары жүргізіледі. Жаңа жоба аясында стадион инфрақұрылымын заман талабына сай жаңарту, спортшылар мен көрермендерге қолайлы жағдай жасау көзделіп отыр. Қазір облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының тапсырысымен стадионды кешенді түрде қайта жаңарту мақсатында жобалық-сметалық құжаты әзірленді. Жоба авторы – «КазахЭнергоПром» ЖШС аталған құжатты мемлекеттік сараптамаға жіберді, - дейді Гаухар Ильясова.
«Мұнайшы» стадионы 1950 жылы пайдалануға берілгенімен, 2003 жылы толық реконструкциядан өткізілген. Ал, 2023 жылы жөндеу жүргізілген.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында футбол клубы мен 2 ірі нысан мемлекет меншігіне қайтарылғанын жазған болатынбыз.